Мәжіліс Салық кодексінің жаңа жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бизнеске тыныс, бюджетке табыс әкелетін жаңалық біршама. Енді кәсіпкерлердің қағазбастылығы 30%-ға қысқарады. Ал салық органдары кеңесші рөлін атқарып, айыппұл салудан бұрын ескерту жасайды. Арнаулы салық режіміне қолжетімділік кеңейіп, B2C саласындағы шағын бизнеске нақты жеңілдіктер ұсынылды. Осындай өзгерістер бюджетке қосымша 5 трлн теңге кіріс әкеледі деген үміт бар.
Елімізде салық жүйесі қайта жаңғырып жатыр. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин салық салу саласына серпін беретін бірнеше маңызды өзгерісті айтты. Ең басты жаңалық – салық есептілігі 30%-ға қысқарады. Бұл кәсіпкерлерге «тыныс алу» мүмкіндігін береді: бұрын толтыратын қағаз-құжат азаяды, есеп беру жеңілдейді. Сондай-ақ салық органдары кәсіпкерге кемшілігін айтып, бірден айыппұл салмайды. Яғни тексеру ескерту сипатында жүргізіледі. Қателессең – түзетуге мүмкіндік бар.
– Бұл ретте салық есептілігі 30%-ға қысқарады. Біз камералық бақылау тәсілдерін түбегейлі өзгертуді ұсынамыз. Егер қазір бұл бақылау тәсілі болса, онда болашақта бұл үдеріс бұзушылықтарды жою саласынан сәйкессіздіктер анықтау саласына ауысып, ескерту сипатына ие болады. Салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдері де өзгереді, – деді министр.
Тағы бір жақсы жаңалық – шағын және орта бизнеске арналған арнайы салық режімі жеңілдетіледі. Бұрын кәсіпкер қызметкер санын асырып алса, автоматты түрде жүйеден шығып қалатын. Енді олай емес.
– Енді орта және шағын бизнеске арналған арнаулы салық режімі оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режімі деп аталады. Кіріс лимиті – қазіргідей 600 мың айлық есептік көрсеткіш болып сақталады. Қызметкерлер саны бойынша шектеулер алынып тасталады. Мөлшерлеме – 4% және оны мәслихаттар 50%-ға дейін төмендетуі мүмкін. Үкімет режімді тек белгілі бір қызмет түрлеріне қолдануды ұсынды және басты шарт – тек B2C операциялары, – деді С.Жұманғарин.
Демек жаңа жүйе – халыққа тікелей қызмет көрсететін кәсіпкерлерге (B2C) арналған. Яғни наубайхана, тігінші, дәмхана, шаштараз сияқты қарапайым кәсіп иелеріне бұл – үлкен мүмкіндік. Енді бұрынғыдай жеті түрлі салық режімі болмайды, тек үшеуі қалады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған, оңайлатылған декларация негізіндегі және шаруа қожалықтарына арналған.
Білетіндеріңіздей, Мәжілісте Салық кодексінің жаңа жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжаттағы ұсыныстар аз емес – олар елдің салық жүйесіне түбегейлі өзгеріс әкелмек. Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаменті директорының орынбасары Нұрлыбек Шаймахановтың айтуынша, бұл өзгерістер ел экономикасына тың серпін береді.
– Кәсіпкерлер үшін ең басты жаңалық – арнаулы салық режімін қолдануға шектеу болмайды. Бұрын тек нақты қызмет түрлеріне ғана рұқсат етілсе, енді тізім қысқарып, рұқсат етілмейтін қызметтер ғана нақты белгіленеді. Бұл – шағын және орта бизнес үшін үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар арнаулы режіммен жұмыс істейтін кәсіпкерлер қосылған құн салығын төлемей-ақ 2,3 млрд теңгеге дейін айналым жасай алады. Министрліктің алдын ала есептеуінше, ұсынылған өзгерістер ел бюджетіне қосымша 5 трлн теңгеге жуық табыс түсіруі мүмкін. Оның 3 трлн-ы – қосылған құн салығын көтерудің нәтижесі. Қалған бөлігі – салық жеңілдіктерін қысқарту, банктерге, құрылыс және қаржы секторына қатысты салық мөлшерлемесін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздардан түсетін табысқа салық енгізу арқылы жиналмақ, – дейді ол.