Алдағы салық-бюджеттік реформаларға дайындық аясында ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков пен Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев бастаған бизнес-қоғамдастықпен талқылау үшін құрылған жұмыс тобы Жетісу облысында кездесу өткізді.
Жергілікті атқарушы органдар, мәслихаттар және облыстың Кәсіпкерлер палатасы өкілдері қатысқан кездесуде талқылаудың негізгі тақырыбы салық заңнамасындағы өзгерістер болды. Қатысушылар ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеру және бірқатар басым сала үшін төмендетілген мөлшерлемені 10%-ға енгізу туралы ұсынысты қарастырды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді салықтан босату және ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету мәселесі талқыланды.
Жиынға қатысушы кәсіпкерлер ұсынылған өзгерістерді, әсіресе ҚҚС мөлшерлемесін көтеруді белсенді түрде талқылады. Олар тиімді салық саясатын қалыптастыру үшін әрі қарай диалог қажет екенін атап өтіп, түпкілікті шешім қабылдау кезінде олардың пікірлерін ескеруге шақырды.
Мәселен, «Бірге біз күшпіз» кәсіпкерлер қауымдастығының басшысы Еділ Қазақбаев шешім қабылдауда салмақты көзқарастың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы сындарлы диалог елімізде қолайлы бизнес орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Баниямин Файзуллин мемлекеттің бюджеттік саясатындағы алдағы өзгерістерді шағын және орта бизнес өкілдерімен жан-жақты талқылау қажет екенін баса айтты.
Жалпы, кездесуге қатысушылар жүргізіліп жатқан салық реформасы инфрақұрылымды жаңғыртуға қажетті ресурстармен қамтамасыз етудің негізгі құралы ретінде қарастырылатынын атап өтті. Кәсіпкерлер реформаларды іске асыру барысында мемлекеттік органдармен сындарлы ынтымақтастыққа үміт білдірді.