Өткен жұмада Бурабай төрінде өткен Ұлттық құрылтайға қатысқан Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміздегі салық реформасын жүзеге асыру бағытында бірнеше міндетті атап көрсетті. Жиналған салық еліміздің әлеуметтік экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталатыны анық.
Бұл турасында ел Президенті: «Салық жүйесі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орын- далмайды. Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек»,- деуінде үлкен мән жатыр.
Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін әр адамға түсінікті тілмен жеткізу керек. Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген. Түрлі себепке байланысты өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын елдер аз емес. Ал Қазақстанның бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде екенін мемлекет басшысы өз сөзінде атап өтті. Яғни, біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл – біздің конституциялық міндетіміз. Бірақ шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуі керек. Қызметін асыра пайдалануға, әсіресе, алаяқтыққа жол берілмейді. Елімізде екі миллионнан астам салық төлеуші, яғни жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар тіркелген деседі.
Бірақ олардың қандай кәсіпорындар екеніне, қалай пайда болғанына, қанша салық төлейтініне, тіпті оны төлеп жатыр ма, жоқ па дегенге еш талдау жасалмаған. Бірақ қазір құр кінәлаудан іс оңға баспайды. Енді ахуалды шұғыл түзету қажет. Үкімет пен Парламентке айтарым – заңнамаға жедел түрде тиісті түзетулерді енгізу керек. Әділ әрі тиімді салық жүйесін құру еліміздің болашағына, кейінгі ұрпақтың тұрмысына тікелей әсер ететінін ұғынған жөн. Салық реформасына келсек, батыл шараларды дәл қазір қабылдау керек. Әйтпесе, бұдан да зор қиындыққа тап боламыз, – деп алда орын алатын олқылықтың алдын алудың жолын көрсетіп отыр.
Ендеше осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра беруде аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары өздеріне жүктелген міндеттерге сергек қарайды.
Шайхат САҒЫНҒАЛИЕВ,
аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы