АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жылдар бойы шешімін таппай келген, Нарынқол-Кеген республикалық күре жолы жөндеуден өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев айтты.
Спикердің сөзінше, 2024 жылы Нарынқол-Кеген жолының 15 шақырымы жөнделді, қалған 74 шақырымына қаражат бөлініп, «Қазавтожол» мекемесі көктем шыға жөндеу жұмыстарына кіріседі.
– 2025 жылы Райымбек ауданы толқытай орталықтандырылған ауыз сумен қамтылады.Өңірде 20 елді мекен мен 11 ауылдық округ бар. Қазір Қарасаз және Шалкөде ауылдарына су тарту жұмыстары қолға алынды, жыл соңына дейін аяқталады. Жоспар жүзеге асса, Райымбек ауданында ауыз суға қатысты мәселе туындамайтын болады,– дейді аудан басшысы Берік Дүйсенбаев.
Сондай-ақ ол халықтың тұрмыстық әл-ауқатын жақсарту үшін, аймақта бағаны тұрақтандыруға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Егін шаруашылығымен айналысатын «Райымбек НАН» мен «Алтын Дән» ЖШС-і аудан тұрғындарына ұнды арзанға сатады. Бұл нарық бағасынан 3-4 мың теңгеге төмен және халыққа тиімді, – дейді аудан әкімі.
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылы Алматы облысында 400 шақырымнан астам республикалық автожол жөнделетіні туралы жазған едік.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» мәліметіне сәйкес, жол учаскелерін жөндеуге 30 млрд теңге бөлінеді.
Сондай-ақ облыс бойынша шамадан тыс жүк тасымалдайтын көліктер жол төсеміне зиян келтірмеуі үшін жергілікті автомобиль жолдарына 2 автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылған. Алдағы уақытта тағы үшеуі қойылмақ.