Салтанатты шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Серік Шәпкенов жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтап, көк Тудың мәртебесін көтеретін бұл бастаманың маңыздылығын атап айтты.
–Баршаңызды бүгінгі Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қастерлі Тәуелсіздігімізге жол ашты. Сол сәттен бастап еліміз егемендігін алып, өзінің Конституциясын қабылдады. Азаматтарына азаматтығын берді. Дербес сыртқы саясатын жүргізе отырып, еліміздің басты нысандары мемлекеттік рәміздерін бекітті. Соның бірі – біздің көк Туымыз. Міне, бүгін ерекше ұлттық мереке күнінде көк байрағымызды жоғарыға көтереміз. Бұл іс-шараның басты мақсаты – жастарды бірлікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу. «Елім, жерім» дейтіндей намысын қайрау. Міне бүгінде біз осындай мереке күні өзіміздің көк Туымызды желбіретіп, көкке көтеріп отырмыз.
«Көк тудың желбірегені, жаныма қуат береді,
Таласқа түссе жан мен Ту,
Жан емес маған керегі, Көк Тудың желбірегені…» демекші, көк байрағымыз қашан да желбірей берсін! Көк Тудың астында бірлігіміз артып, жаңа әділетті Қазақстанды құрайық! Әрқашан да еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді Серік Жамбылұлы.
Атырау төріндегі Тутұғыр алаңы Қазақстандағы еңсесі биік мемлекеттік рәміздер нысанының бірі болып табылады. Алаңның төрінде мемлекеттік Әнұранның мәтіні жазылып, Елтаңба орнатылған. Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан қасиетті Ұлы даланың қоладан жасалған картасы бейнеленген.
Мерекелік шарада көлемі 30/15 өлшемдегі көк Ту биіктігі 91 метрлік тұғырдың бойымен жоғарыға көтеріліп, көкте асқақ желбіреді. Жергілікті өнерпаздаррухты оятатын әндерді шырқап, айтулы күннің ажарын айшықтай түсті. Осылайша, атыраулықтар елкөлемінде аталып өтіліп жатқан маңызы зор патриоттық іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ