Қырық жыл қалтқысыз қызмет еткен

(0 Votes)

 «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға». Ұлы Абайдың осы бір өлең жолдары біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміздің өмірлік ұраны. Өзінің кішіпейілділігі мен қарапайымдылығын қалқан етіп, елге қызмет етудің жолын тапқан Қалығыз Калипина мұнай саласында 43 жыл табан аудармастан еңбек етіп келеді. 

Бүгінде «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының «Қарсақ» мұнай дайындау және айдау цехының тауарлы операторы болып қызмет атқаратын ол «Қарсақ» кен алаңы алғаш ашылған 1980 жылдан бастап осы цехта еңбек етеді.

«Мұнайшылардың мекені – Байшонастан мектеп бітіріп, еңбекке араластым. Алғашында қиын болды. Жұмысымды орындай жүріп, мұнай саласының қиындығына төселіп, бейімделдім. Мұнайшы болу – кез-келгеннің қолынан келе бермейтін, екінің бірі бара бермейтін кәсіп. Сол кез бен қазіргі өндірісті тіптен салыстыруға келмейді. Ешқандай жағдай жасалмаған кезде де мамандығымызға деген құрметтен айырылмадық, керісінше, жастық жалынмен, қайраттана еңбек еттік. Қыста боранда, жазда аптап ыстықтың қиындықтарына шыдай жүріп, өндірістік жоспарды тұрақты орындауға қол жеткіздік», - дейді мақтаулы мұнайшы.

Алғашқыда күн сайын 8 сағатық жұмыс жасаған Қалығыз Калипина 2011 жылдан бастап вахталық ауысымға көшеді. Бұндай өзгеріске Байшонас ауылының көшірілуі себеп болады. Міне, содан бері 12 жылдан астам уақыт Қалығыз нәзік жанды болса да ерлермен бірге иық тіресіп вахталық ауысымды еңбек етіп жүр.

«Осы жылдардың тең жартысы вахтада өтіп жатыр. Бұндай өмір приниципіне де әбден бейімделдік. Кез-келген отбасылық мереке, жиын болса, вахтамызға қарап, жоспарлаймыз. Ауысымдық еңбек әдісінің өзіне тән қызығы мен шыжығы да қатар жүреді. Қандай жұмыста болмасын қиындық болары анық. Оған тек мамандығын бар болмысымен жақсы көрген адам ғана шыдайды»,- дейді өз ісінің маманы.

Қалығыз Калипинаның жанұясын мұнайшылар отбасы деп атауға негіз бар. Отағасы да осы салада «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-да оператор болып қызмет етсе, үлкен ұлдары да ата-ана жолын таңдаған.

Келесі жылы зейнеткерлік демалысқа шығатын Қалығыз мұнайшы «Ұзақ жылғы еңбегінің зейнетін көру бақыты бұйырғай!» деген тілекте.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

#EnbekEri

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT