Аймақтағы ең үлкен аудан болып саналатын Құрманғазы ауданында соңғы уақытта түрлі әлеуметтік нысандар құрылысы қарқын алып, жаңа нысандар бой көтеруде. Бұл ретте, былтыр басталған ілкімді істер мен жарқын жобалар биыл да өз жалғасын табуда. Осы және өзге де жұмыстардың қалай жүріп жатқанын біз аудандық әкімдіктің баспасөз қызметінен білген едік, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бөкейханда 300 орындық мәдениет үйі салынуда
Мәдениет үйіне тапсырыс беруші Құрманғазы ауданының құрылыс бөлімі болса, жауапты бас мердігер мекеме «Гранд-Мастер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бүгінгі таңда шекара аймағында орын тепкен ауылдарымыздың бірі Бөкейхан ауылдық округінде жаңа мәдени нысан бой көтеріп, құрылыс жұмыстары 70 %-ға аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанның құрылыс жұмыстарымен танысқан аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, тапсырыс беруші аудандық құрылыс бөлімі басшысы Жасұлан Сүндетов жауапты мердігер мекемеге тиісті жұмыстарды уақтылы және ең бастысы сапалы аяқтауды тапсырды. Болашақ өнер ордасында 300 орындық көрермендер залы, үйірме бөлмелері, 20 жаттығушыға арналған хореография залы, кітап сақтау бөлмесі мен оқырмандар залы, гримдеу бөлмесі, 36 орындық асхана қарастырылған. Жоспарға сәйкес, пайдалануға 2025 жылдың аяғында беріледі.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Бөкейхан ауылында 1810 тұрғын бар.
Бірлік ауылынан – 300 орындық мәдениет үйі
Құрманғазы ауданына қарасты Бірлік ауылында жаңа мәдениет үйі бой көтеруде. Аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, аудандық құрылыс бөлімі басшысы Жасұлан Сүндетов құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. 0,6 гектар жерге салынып жатқан мәдениет үйінің жобасымен танысып, құрылысты өндірістік жұмыс кестесіне сәйкес сапалы жүргізуді тапсырды. Қазіргі кезеңде құрылыс басында ғимараттың іргетасы қаланып, қабырғасы көтерілген.Төбесі жабылып, ішкі сылақ жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда көрермен залынан басқа, хореография залы, гримдеу-киіну бөлмесі, үйірме кабинеттері, асхана болады деп жоспарлануда. Тапсырыс беруші аудандық құрылыс бөлімі болса, мердігер мекеме «Бағалы-Алакөл» ЖШС.
Айта кетейік, Бірлік ауылында 2 200 тұрғын бар.
Әлеуметтік көмек орталығы жаңғыртылуда
Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары М.Хасанов, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Ж.Сүндетов аудан орталығындағы аудандық мүгедектер мен зейнеткерлерге әлеуметтік көмек көрсету аумақтық орталығын қайта жаңғырту нысанының құрылыс жұмыстарының жүру барысымен танысты. Аудандағы зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы жартылай стационарлық жағдайдағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жалғызбасты қарияларға 8 бағыт бойынша әлеуметтік көмек көрсетеді. Олар әлеуметтік-тұрмыстық, педагогикалық, медициналық, психологиялық, мәдени, экономикалық, құқықтық, еңбек бойынша зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек. Орталықтың көмегіне жүгінетін жандарға қолайлы қызмет көрсету мақсатында ғимарат қайта жаңғыртудан өтіп, табысталғалы отыр. Аталған нысанда күні бүгін құрылыс жұмыстары аяқтала келді. Қазіргі таңда пайдалануға қабылдау шаралары жүргізілуде.
Р.S. Атқамінерлер аталған жұмыстардың бәрі де мүмкіндігі жеткенше биыл мәресіне жетіп, жаңа нысандар жергілікті жұрт игілігіне пайдалануға беріледі деп сендіреді. Қалай болғанда да, ауданда құрылыс қарқын алғаны анық байқалады. Демек, күтілетін нәтиже де орасан зор болмақ.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ