АЗАПТАУ – АДАМ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРЛАУ

АЗАПТАУ – АДАМ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРЛАУ
(0 Votes)

Қазақстан Республикасы Конституциясының 17-бабына сәйкес ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға тыйым салынады.

Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясы қабылданғаннан бері 75 жылдан астам уақыт өтті. Азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау мәселелері әлі де алдыңғы қатарда тұр.

Азаптауға және қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазаның басқа түрлеріне тыйым салу көптеген халықаралық және аймақтық шарттарда және келісімдерде қамтылған.

Осы саладағы негізгі құжат 1984 жылғы 10 желтоқсандағы Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы Конвенция болып табылады.

«Азаптау» - қандай да бір адамға қасақана қатты азап немесе азап шегетін, одан немесе үшінші тұлғадан мәлімет немесе мойындау алу, оны өзі немесе үшінші тұлға жасаған немесе жасады деп күдіктенген әрекеті үшін жазалау үшін физикалық немесе моральдық кез келген әрекетті білдіреді.

Елімізде азаптауға қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдануда. Қазақстан Республикасы азаптауға қарсы төзімсіздікті ұстанады және мұндай әрекеттерді қолдануға конституциялық деңгейде тыйым салады.

Әрбір мемлекет кез келген аумақта азаптау актілерінің алдын алу үшін тиімді заңнамалық және басқа да шараларды қабылдайды. Солардың бірі - 2022 жылы 5 қарашада қабылданған Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы. Ол - адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, оларды сақтау мен құрметтеудің мемлекеттік кепілдігін қамтамасыз ету мақсатында Ата заңымызда белгіленген жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам болып табылады. Және өз қызметінде заңдылық, әділдік, бейтараптық, объективтілік, жариялылық, ашықтық, айқындық қағидаттарын басшылыққа алады.

Қазіргі таңда азаптау әлемдік қауымдастықты әсіресе қатты алаңдатады. Олар жеке адамдардың физикалық және психикалық денсаулығына қасақана нұқсан келтіріп қана қоймай, кейбір жағдайларда қадір-қасиетін жою және ерік-жігерін бұзу үшін қолданылады. Сондықтан да Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу жөніндегі ұлттық превентивтік тетікке қатысушылардың қызметін үйлестіреді, және өз қызметінде осы бағытқа негізгі басымдылық береді.

2023 жылы 17 наурызда Президент "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы адам құқықтары, жазаны орындау, сондай-ақ азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.

Бұл аса маңызды заңнамалық құжат – елімізде жүргізіліп жатқан саяси және құқықтық реформалар аясында Қазақстанның азаптау мен қорлаудың басқа да түрлерін жоюға, осы мәселе бойынша халықаралық нормаларды ұлттық заңнамаға енгізуге, сондай-ақ сотталғандардың құқығын кеңейтіп, түрмедегі теріс субмәдениеттің қалыптасуына жол бермеуге бағытталған жүйелі қадамдардың жалғасы. Мұндағы нормаларға суйене отырып, қатыгез немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас үшін жауапкершілік қарастырылады; азаптау үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қатаңдатылады; заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін тергеу амалдары кезінде аудио және бейне таспалау жүйесін қолдану мүмкіндіктері кеңейтіледі.

Сонымен қатар, осы Заң сотталған адамдарға бірқатар қосымша құқық та береді. Атап айтсақ, ауыр сырқатқа шалдыққан жағдайда оларға жазаны өтеу мерзімін кейінгі қалдыру құқығы беріледі, яғни сотталған адамға медициналық мекемеде шұғыл ем алуға мүмкіндік туады. Оған қоса, сотталған адамды ауыр дертке шалдығуына байланысты жазасын өтеуден босату туралы сот шешімі дереу орындалады (бұрын сотталғандар соттың шешімі заңдық күшіне енгеннен кейін ғана босатылатын).

Сотталған әйелдерге қатысты айтар болсақ, олар және олардың балалары арасындағы әлеуметтік байланысты сақтау үшін оларға өз балаларын колонияда қалдыруға рұқсат ету мерзімі 3 жылдан 4 жылға ұзартылды.

Осы Заң нормаларына сәйкес, бұрын сотталғандар бірінші рет істі болған азаматтарға теріс ықпал етуіне жол бермеу үшін оларды қылмыстық-атқару жүйесіндегі мекемелерге бөлу тәсілдері өзгереді. Яғни, бірінші рет сотталғандар бас бостандығынан айыру жазасын бұрын сотталғандардан бөлек жерде өтейді. Бұл заңға бағынушылық мінез-құлық қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жалпы, заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер адам құқықтарын сақтауға берілетін кепілдіктерді арттырады. Сонымен қатар, қауіпсіздік шараларын күшейту, олардың түзелуіне және қоғамға бейімделуіне мүмкіндік жасау арқылы сотталған адамдардың түрмедегі жағдайын жақсартуды көздейді.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғырту жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаптауға байланысты қылмыстарды тергеуде жүйелі тәсілдің маңыздылығын және осы бағытқа жауапты нақты органның жоқтығын атап өтті және Бас прокуратураға азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу функциясын бекітуді тапсырды.

Осыған байланысты 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде азаптауды тергеумен тек прокурорлар ғана айналысады.

Елімізде азаптаулардың алдын алу және ұлттық заңнаманы адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге ұмтылу жұмысы одан әрі жалғасуда.

Амангелді АБДОЛОВ,

Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Атырау облысы бойынша Өкілі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT