С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйiнде Құрманғазы ауданының 95 жылдық мерейтойына орай "Қасиетiңнен айналайын, Құрманғазым!" атты Батыс аймақтық ақындар айтысы өтуде.
Танымал ақын Шалқарбай Iзбасаров жүргiзген жыр додасына Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан, Исатай, Махамбет, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарынан 8 ақын қатысуда. Аудан әкімі Абат Жанғалиев қатысушыларды құттықтап, күй өнерінің шамшырағы жарқырай берсін, бақтарыңыз бен баптарыңыз бiрге шапсын деген тiлегiн бiлдiрдi.
Cахна төрiнде жеребе таңдалғаннан кейін, айтыс ақтаңгерлерi Нұрболат Нұғыманов (Исатай)-Самғар Орынбай (Ақтөбе), Серiкбол Панабердиев (Атырау қаласы) - Айнабек Бисенғалиев (Батыс Қазақстан), Жанболат Алиев (Маңғыстау)-Нұрбейбiт Нұғыманов (Құрманғазы), Серiк Қойшығұлов (Махамбет) - Салауат Кәрiмұлы (Қызылқоға) жұптары кезекпен доданы бастап, өлең сүйер қауымға жыр нөсерiн төгiлттi. Алғашқы бөлiмi аяқталуға жақындап, дәл осы сәтте соңғы жұптың өнерлерi тамашалануда. Жеңiмпаздар қазiр финалда кездесiп, жүзден жүйріктер анықталады.