С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде Атырау облысы әкімдігі, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Құрманғазы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Қасиетіңнен айналайын Құрманғазым» атты, Құрманғазы ауданының 95 жылдығына арналған Батыс аймақтық ақындар айтысы қорытындыланды.
Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан, Атырау қаласы мен Құрманғазы, Исатай, Махамбет, Қызылқоға аудандарынан қатысқан сегіз ақыннан төртеуі финалға шықты.
Финал қорытындысымен супер финалда Серікбол Панабердиев (Атырау қаласы) пен маңғыстаулық Жанболат Әлиев кездесті. Өздерінің өткір ұйқастарымен, шымшыма шумақтарымен ерекшеленіп, көптің қошеметіне бөленген бұл екі ақынның айтысында Жанболат Әлиев жеңіске жетіп, І орын алып, 500 мың теңгелік байрақтың иесі атанды. ІІ орынды Серікбол Панабердиев иеленіп, 400 мың теңгелік байрақты еншіледі. ІІІ орынды құрманғазылық Нұрбейбіт Нұғыманов пен қызылқоғалық Салауат Кәрімұлы қанжығалады.
Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов барлық қатысушы ақындарға Алғыс хаттар мен дипломдар, Әбу Сәрсенбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Хиуаз Доспанова атындағы арнайы жүлделерді табыстап, шараны жүргізген, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының мүшесі Шалқарбай Ізбасаровты, ақын Мүтиғолла Ғани бастаған Әділқазылар алқасының мүшелерін «Құрманғазы ауданына 95 жыл» мерекелік медалімен ұлығалады.
Қанат ҒҰМАРОВ