ҚҚС тұрғын үй саласына қалай әсер етеді?

ҚҚС тұрғын үй саласына қалай әсер етеді?
(0 Votes)

Қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесінің көтерілуі көпшілікті толғандырып отыр. Бұл өз кезегінде тұрғын үй саласына, соның ішінде тұрғын үй бағасына қалай әсер етер екен деген алаңдаушылық та жоқ емес. Үкімет мүшелерінің мәліметіне сенсек, мәселе салықтың сараланған жүйесі арқылы шешілмек. 

Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, азық-түлік және дәрі-дәрмек өндірісіндегі ҚҚС мөлшерлемесі 5%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Ал құрылыс секторында бұл салықтың орнына инфрақұрылымдық алым енгізу жоспарланып отыр. Бұл өзгеріс бастапқыда құры­лыс саласын ынталандыру­ды көздегенімен, оның нарықта­ғы ұзақмерзімді әсері қандай болмақ?

– Ең ықтимал нұсқа ретінде құрылыс компанияларынан алынатын инфрақұрылымдық алымды енгізуді қарастырып отырмыз. Оның мөлшері – әзірге шаршы метріне 40-60 доллар көлемінде. Инфрақұры­­лым­дық жүктемеге байланысты өзгереді. Жаңа салық ойлап таппаймыз. Қазір бұл мәселелер талқыланып жатыр. Олар тұрғын үйдің санатына қарай реттеледі, – деді С.Жұманғарин.

Ұлттық экономика ми­нистрі­нің айтуынша, құрылыс сек­торында ҚҚС мөлшерлемесі нөл­ге теңестіріледі немесе тө­мендетіледі. Қазіргі қолданыс­тағы Салық кодексіне сәйкес тұрғын үйлерді сату мен жалға беру ҚҚС-нан босатылған. Алайда жаңа кодекс жобасында бұл жеңілдік 2025 жылғы 1 қаң­тарға дейін ғана сақталмақ. Осыдан кейін сатылатын және жалға берілетін барлық тұрғын үйлер ҚҚС-ға бағынуы мүмкін. Демек құрылыс компаниялары жаңа салықты пәтер бағасына енгізетін болса, бас­пана құны күрт өсуі ғажап емес.

Салық мамандары бұл өзге­ріс­тің халыққа ауыр соққы болатынын алға тартады. Себебі құ­рылысшылар өздерінің қаржы­лық жүктемесін тұты­ну­шыға жүктейтіні анық. Осы­лайша, үй алуға ниетті азаматтар ҚҚС-ны қосымша шығын ретінде кө­теруі кәдік. Бұл әсіресе, ипо­текалық қарыз алушылар үшін қиындық тудырады, өйткені салықтың сомасы несие мөлшеріне тікелей әсер ететіні белгілі. Сол себепті, тұрғын үй бағасы өсіп, баспанаға мұқтаж жандардың жағдайы қиындай түсуі мүм­кін.

Бұл өзгеріске қатысты пікір екіге жарылып отыр. Кей­бір сарапшылар ҚҚС-ның жаңа жүйесі нарық­ты реттеп, «көлеңкелі» эконо­миканы қысқартады деп сене­ді. Мемлекет бюджетінің тап­шы­лығын өтеуге арналған бұл рефор­ма жылына 4-5 трлн теңге кө­лемінде салық түсімін артты­руы мүмкін. Сонымен қатар қо­сылған құн салығының сара­ланған мөлшерлемесін енгізу туралы ұсыныстар тал­қы­ла­нып жатыр. Яғни эконом-класс санатындағы тұрғын үй­лер­ге төменгі мөлшерле­ме қол­данылып, бизнес және элиталық санаттағы бас­па­на­ларға салық­тың жоға­ры мөлшерлемесі белгі­ленуі ық­ти­мал. Бұл өз кезе­гін­де әлеу­меттік теңдікті сақтау­ға бағытталған оң қадам болмақ.

Жақында өткен Президент­тің кәсіпкерлермен кездесуін­де «BI Group» басшысы Айдын Рақымбаев осы мәселені көтерді. Ол ҚҚС мөлшер­ле­месін тұрғын үй санатына қарай саралау қажет екенін айтты. Егер бұл өзгеріс қабыл­данса, арзан бас­пана қол­жетімді болып қала береді, ал қымбат жылжымай­тын мүлікке салынатын салық жоғарылайды. Үкімет мүшелері кәсіпкердің бұл ұсынысы ескерілетініне уәде берді.

Өткен жұмада Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов ҚҚС-ның тұрғын үй бағасына әсерін толық болжау мүмкін емес екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, құрылыс нарығындағы бағаның басты реттеушісі – теңге бағамы мен инфляция деңгейі.

– Шынымды айтсам, тұрғын үй бағасының қалай өзгеретінін нақты білмеймін. Кейінгі 15 жылдағы деректерге сүйенсек, тұрғын үйдің бағасы теңгемен белгіленеді және көбіне ұлттық валютаға тәуелді. Мұны статис­ти­калық мәліметтер де растайды. Кез келген адам өз бетінше осындай зерттеу жүргізе алады. Тіпті доллар бағамы өзгерсе, кейбір сатушылар бағаны доллармен сәйкестендіріп түзет­се, уақыт өте келе ол бәрі­бір теңгемен белгіленген негізгі деңгейіне қайта оралады. Себебі жылжымайтын мүлік – теңгелік актив, ол теңгемен табыс әкеледі, – дейді ол.

Тұрғын үйден бөлек, қосыл­ған құн салығы салынатын бар­лық тауар бағасының қым­баттайтыны қыр астында тұр­ған нәрсе. Әйткенмен Үкімет инфляция басында біраз өске­німен, 3,5 пайыз деңгейінен әрі аспайды деп болжайды. Есесіне бюджет тапшылығы жойылады екен. Ұлттық экономика министрлігі салықтан түсетін қаржы жылына 4-5 трлн теңгеге артады деп есеп­тейді.

Қазір реформаға қатысты көзқарас әртүрлі. Үкімет жоға­ры­дағы айтылған ұсыныс­та­рын алға тартса, сарапшы­лар тұрғын үй бағасы өсуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қандай шешім қабылданса да, кез келген экономикалық реформа тек мемлекеттік бюд­жеттің ғана емес, қара­пайым азаматтардың да мүд­де­сін ескеруге тиіс.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT