Қосылған құн салығының бағаға әсері

Қосылған құн салығының бағаға әсері
Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
(0 Votes)

Экономикалық зерттеулер институтының сарапшылары қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесінің көтерілуіне байланысты пікір білдірді. Олар ұсынылған өзгерістер қандай себепке байланысты көтерілгенін айтып, тетіктің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

Экономикалық зерттеулер инс­титуты Фискалдық саясат орта­лығының директоры Ксения Загал­дың айтуынша, ҚҚС шегін төмен­детудің бірнеше себебі бар. Бұл – салық жүйесіндегі ашық­тықты арттыру және салық базасын кеңейту.

«Қазір салық заңнамасында салықтық жүктемені азайтудың заңды тәсілдері қарастырылған. Алайда кейбір кәсіпорындар заңды айналып өтіп, ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмеген. Салдарынан ҚҚС-тың эконо­микалық мәні бұзылып, оны толыққанды есепке алу тетігі дұрыс жұмыс істемей отыр. Мұндай жағдай салық жүйесіндегі ашықтықтың төмендеуіне, әкімшілік шығын­дардың артуына және бюджетке түсетін кірістердің азаюына әкеліп соғады. Себебі көптеген компания ҚҚС есепке алу үдерісіне толық қатыспайды. ҚҚС шегін төмендету салық базасын кеңейтіп, салықтық ауыртпалықтың әділ бөлінуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ҚҚС есепке алу тізбегінің үздіксіз жұмыс істеуі оның тиімді мөлшерлемесін 3-4%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», дейді маман.

Оның айтуынша, ҚҚС мөлшер­ле­месінің артуы бизнесте қосымша шығындардың пайда болуына әке­леді. Оны жеңілдету үшін Үкімет еңбекақы қорына салынатын са­лықты айтарлықтай төмендетуге дайын. Бұл шара компанияларға қаржылық қысымды азайтуға және іс­кер­лік белсенділікті қолдауға кө­мек­теседі.

Мөлшерлемесінің ұлғаюы тауар­лардың түпкілікті құнының қым­бат­тауына әсер етуі мүмкін. Де­генмен реформа аясында әлеу­меттік көмек, жалақы және зейнет­ақыны инфляция деңгейіне сәйкес индекстеу қарастырылып отыр. Бұл әлеуметтік осал топтарды қолдап, азаматтарға тигізетін кері әсерді барынша азайтпақ.

«ҚҚС мөлшерлемесінің артуы инфляциялық қысым тудыруы мүмкін, бірақ бұл қысқамерзімді әсер болады. Экономика жаңа жағдайларға бейімделіп, ҚҚС-нан түсетін қосымша кірістер нақты секторды дамытуға және бизнесті қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуге бағытталады», дейді Ксения Загал.

2023 жылы ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға көтеру ұсынылып, алайда бұл шешім Президент тарапынан қолдау таппаған еді. Осыған байланысты «2025 жылғы ұсыныстың ерекшелігі қандай?» деген сұрақ туындайды. Экономикалық зерттеу­лер институты Фискалдық сая­сат орталығы директорының орынбасары Эльмира Осипованың айтуынша, биылғы ұсыныс 2023 жылғы ұсыныстан кешенді тәсіл мен қосымша шаралардың енгізілуімен ерекшеленеді.

«2023 жылы тек ҚҚС мөлшер­лемесін арттыру мәселесі қарас­ты­рылған еді. Бұл бизнес пен тұтынушы үшін кері әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылық тудырды және мұндай шешімді қабылдауда неғұрлым теңгерімді тәсілді қол­дану қажеттігі айқын болды. Ал Үкіметтің қазіргі ұсынысы ҚҚС мөлшерлемесін арт­тырудан бөлек, жалпы салық-бюджет жүйесін жақсартуға бағытталған қосымша шараларды қамтиды. Олардың қатарында – еңбекақы қорына салынатын салық ауыртпалығын төмендету бар, бұл бизнес шығынын азайтуға және ҚҚС-ның инфляцияға әсерін жұмсартуға көмектеседі. Сонымен қатар әлеуметтік көмек, жалақы және зейнетақыны индекс­теу жүргізіледі. Бұл азаматтарды бағаның өсуінен және инфляциялық процестерден қорғауды қамтамасыз етеді», дейді ол.

Экономикалық реформалар енгізілгеннен кейін алғашқы өз­герістер бірнеше ай ішінде бай­қала бастайды дейді мамандар. Сөйтіп, бизнес жаңа жағдайларға бейімделіп, 15 млн теңге шегінен асқан кәсіпкерлердің міндетті түрде ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуі және салықты тоқсан сайын төлеу тәртібі енгізіледі.

«ҚҚС мөлшерлемесін көтеруден келетін алғашқы кірістер реформа күшіне енген алғашқы тоқсандарда-ақ бюджетке түсе бастайды. Алай­да тапшылықты толық өтеу бір­неше жылға созылуы мүмкін. Бұл көтерілген мөлшерлеменің ауқы­­мына және салықтық-эконо­ми­­калық шаралардың тиімді ен­­­гі­зілуіне байланысты», дейді Э.Осипова.

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT