Қазіргі таңда еңбек нарығының талабына сай жұмысшы мамандықтардың маңызы арта түсті. Әсіресе өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік және қызмет көрсету салаларында кәсіби білікті жұмысшы күші ел дамуының маңызды тетігіне айналып отыр. Мемлекет те бұл бағытқа ерекше көңіл бөліп, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуға, жұмысшы кадрлардың мәртебесін көтеруге күш салуда.
Жұмысшы мамандығы – тек табыс көзі емес, қоғам игілігіне қосылатын нақты үлес. Еңбегімен ел экономикасын алға сүйрейтін сантехник, дәнекерлеуші, электрик, құрылысшы, жүргізуші, аспаз, шаштараз сынды мамандар – күнделікті өміріміздің ажырамас бөлшегі.
Бүгінгі күннің сұранысы – «қолмен істейтін» мамандардың кәсіби шеберлігі мен жаңашыл ойлау қабілетін ұштастыра білуі. Бұл ретте дуальді оқыту жүйесінің енгізілуі, өндіріс базаларында тәжірибе жинақтау мүмкіндігі жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға ықпал етіп отыр.
Сұраныс бар жерде тұрақтылық бар
Ел Президенті өз жолдауларында бірнеше мәрте техникалық мамандықтардың маңызын атап өтіп, кәсіптік білім беру ісін қолдаудың маңыздылығын көтерді. Бұл ретте «Жайлы мектеп», «Ауыл – ел бесігі», «Білімді ұрпақ – болашақ кепілі» сынды ұлттық жобалар аясында жұмысшы кадрларға қажеттілік одан әрі артты.
Мәселен, құрылыс саласындағы маман тапшылығы – бүгінгі күннің өткір мәселесі. Жаңа нысандарды салып, ел игілігіне беру үшін дәнекерлеуші, кран жүргізушісі, бетоншы сынды кәсіби мамандар қажет. Ал мұндай кадрларды дайындау – тек колледждер мен оқу орындарының емес, сонымен қатар жұмыс берушілердің, өндірістік мекемелердің де ортақ міндеті.
Жұмысшы – жалақысы төмен адам деген түсінік ескірді
Бүгінде кәсіби білікті маман – нарықтағы сұранысқа ие тұлға. Жақсы маман қай салада болмасын еңбегіне лайықты сыйақысын алады. Тіпті кей жағдайда жоғары білімді қызметкерден де көп табыс табатын мысалдар жетерлік. Бұл – еңбек нарығында теңгерім мен шынайылықтың қалыптасып келе жатқанының бір көрінісі.
Жұмысшы мамандығын таңдаған жастар – ел экономикасының сенімді тірегі. Бұл мамандықтар тек «қолдың күшімен» ғана емес, ақыл мен шеберліктің, табандылық пен ізденістің арқасында дамиды. Бүгінгі қоғамда нағыз еңбек адамына құрмет көрсету – ұлт ретінде дамудың, өркениетті қоғам қалыптастырудың алғы шарты.
Олай болса, жұмысшы мамандығын таңдаған әрбір жастың таңдауы – елге қызмет ету жолындағы жауапты шешім. Қоғамдық пікір де, мемлекеттік саясат та бұл таңдауды қолдап, олардың бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасауға тиіс.
Бекзада МЕҢДЕКЕНОВА,
Педагогика ғылымдарының магистрі, «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары