ҚазМұнайГаз су тасқынынан зардап шеккен инфрақұрылымды, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру шараларына қатысады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өз қызметін жүргізетін өңірлердегі инфрақұрылымды, тұрғын үйлерді және әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру үшін қаржылай көмек көрсетеді.
Бүгін компания басшысы су тасқыны кезеңіне байланысты қалыптасқан жағдай бойынша жиналыс өткізді. ҚМГ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев еншілес ұйымдарға жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, қажетті көмек көлемін шұғыл анықтауды тапсырды. Компания қаражатты өндірістік қызметін жүргізетін өңірлерге (Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары) жіберетін болады.
Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС (ҚМГ еншілес кәсіпорны) эвакуациялық тікұшақтарға жанармай құю жұмыстарын жеделдету мақсатында Ақтөбе облысының зардап шеккен аудандарына барып, көмек беруде. «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС қызметкерлері тәулік бойы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның ұшақтарын жанармаймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.