Қасиетті орынды бағалай білейік

(0 Votes)

Қазақ алдымен Алласына құлшылық етіп, содан соң, әулие-әмбиелер аруағына құран бағыштайды. Мұндағысы "өлі разы болмай, тірі байымайды" деген қағиданы ұстанғандары болса керек.

Атырау-Құлсары  күре жолының бойында, Доссор кентінен Атырау бағытына қарай 30 шақырымында орналасқан әулие Оңай ата қорымы айналасындағы тазалығына қаншалықты мән беріліп жатыр? Ата рухын аша түсудің орнына қоқыс жәшігін сол жақ қапталына, әжетханасын әріге салмай іргесіне "қалқитып" қойғанымыз жөн бе еді?

Бүгінде елімен саналы ұрпағы сыйлаған, басына тағзым етіп шаңырағының бақытты да берекелі, жанұяның амандығы мен сапарының сәтті болуы үшін дұға-тілектерін айтуға тоқтап сыйынып жүрген Оңай атаның басы қасиетті орын емес, айналасы лас-қоқысқа толы, жағдайы сын көтермейтін дәретханаларға, аумағынан таза ауаның емес адам дәретінің иісінен, сол жердегі эстакадада үлкен жүк көліктерін оңдап жатырған көліктерінің түтіні мен майынан көз аштырмайтын орынға айналып барады.

Мәселе осыдан он жыл бұрын «Мақат тынысы» газетінде көтерілгенін білеміз. Бірақ, сол күйінен еш өзгерместен, әлі де тұр.

Аудан тұрғындары, әсіресе ауыл ақсақалдары бұл жөнінде биік мінберде де көтеріп келеді. Бұл жөнінде облыс әкімінің алдында да мәселе етіп қойылды.

Бірнеше жыл бойы аталған жерге он шақты дәретхана салынып, толғасын көмілгенін білеміз. Жалпы, кезінде ата жерленген қасиетті орынға эстакада салудың өзі де үлкен қателік деп ойлаймын.

Көптеген жолаушылар, соның ішінде автобус көліктерінің жолаушылары Оңай атаның басына дұға тілек айтуға емес, дәрет сындыруға тоқтайтындар күннен-күнге көбеюде. Себебі такси немесе автобус жүргізушілерінен жолда аялдауды сұраған жолаушыларға: «кішкене шыдай тұрыңыздар, қазір атаның басында дәретхана бар», - деген сөзі күнделікті жауапқа айналған. Атаның басындағы дәретханада ластықтан аяқ басатын жер болмағасын ер адамдар қаз-қатар тұрып дәретханалардың сыртына кіші дәретін жасап жатырғаны күнделікті көрініске айналып отыр.

Мәселенің мән-жайы баяндалып, облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовке өтініш еткен бір топ ардагерлер мен аудандық мәслихат депутаттары ата зираты басында үй-жайлары маңына ешбір талғамсыз қолда бар құрылыс материалдары арқылы төрт түлік малына қора салған жандардың әрекетіне наразылығын білдірген еді. Нақтырақ айтқанда, « ҚазАвтоЖол» мекемесінен жолаушыларға арналған әжетханаларды Оңай атаның зираты басынан алып, оны  Атырау-Доссор тас жолының екі жақ бетінен басқа орынға орналастыру, яғни, талапқа сай әжетхана салдыртып, бұрынғы атаның басындағы әжетханаларды, көлік жөндейтін эстакаданы бұздыртып тазалату; «Ақсары» асханасын, заң талаптарын сақтай отырып, 1-2 шақырым қашықтыққа көшіру, қора-қопсыларды алдыртып, орнын тазарту; ата жерленген қауымға, алдағы уақытта жерлеу жұмыстарын тоқтату және бар зиратты қоршау мәселесін көтерген еді.

Таяуда мәселенің бірнеше инстанциялардан өтіп, тиімді шешілу жолы ашылғаны жөнінде хабар келді.

Яғни, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалның директоры Ж.Башаров республикалық маңызы бар А-27 «Ақтөбе-Атырау» РШ (Астрахань бағыты) 543 шақырымындағы демалыс алаңында орналасқан Оңай Ата мазарынан 1-2 шақырым жерге демалыс алаңын және жылы санитарлы-гигиеналық торап салдыру  ісін қолға алған.

Аудан ақсақалдарының көтерген мәселесіне «Ақсары» асханасының иелері де түсіністікпен қарап, ата аруағын қастерлеу мақсатындағы іс-шараға қолдау білдіргені жөн. Арғы тегі атамен рулас «Ақсары» аталған асхананың Оңай ата зиратынан 1-2 шақырым қашықтықта орналасуы үшін шаруашылығын ұйымдастыру жайына әкімдіктей білгеніміздей,  ауданның кәсіпкерлері мен жергілікті әкімдік бірлесе көмек беруге әзір. Әрине, әбден орнығып алған соң ғимаратты түгелімен көшіру оңайға соқпасы анық. Дегенмен, қасиетті орынның талапқа сай санитарлық тазалық пен эстетикалық талғамға сай болмағы өзімізге сын.

Сондықтан, талап пен талғамның шегінен шықпай, бірлесе іс қылғанның артықтығы болмас.

Иә, бүгінде «өшкенімізді жандырып, өлгенімізді қайта жаңғыртқан»  тұста Оңай атаның жерленген аумағында мәдениетіміз бен тектілігімізді көрсетіп, атына сай қасиетті орынға айналдырсақ, несі айып?

Әрқайсысымыз туған жерімізге жанашыр болып, тамшыдай болса да, үлес қоссақ ғана гүлдейді, көктейді.

Г.САЛИКОВА

Сурет: ашық дереккөз

 

 

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT