Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Президент жыл басындағы маңызды жиында мемлекет, Үкімет, аймақ басшылары мен қоғам алдында тұрған мәселелерге қатысты нұсқау берді, деп жазады Egemen.kz.
Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, саяси ғылымдарының кандидаты Бауыржан Шериязданов Президенттің бүгінгі жиында ел көкейіндегі сауалдарға жауап бергенін, Қазақстан әлемдегі тарифтік тартыстар мен санкциялық текетірестер кезінде экономикалық-әлеуметтік даму жолынан танбау үшін, әр саланы жаңашылдыққа бейімдеп, тиімді бағдар ұстануы қажет екенін атап өтті.
«Президент бүгінгі отырыста қоғам, халық арасында көтеріліп жүрген көп сұрақтарға жауап бере отыра еліміздегі саяси, әлеуметтік, экономикалық, қаржылық, салықтық жағдайды толық қадағалап отырғанын байқатты. Бұл қарапайым халыққа ертеңгі күнге сеніммен қарауға мүмкіндік ұялатады», деді Бауыржан Шериязданов.
Саяси сарапшы Президент бастамалары жекелей салаларға да серпін беретініне назар аударды.
«Тұрмысты түзеуге ықпалды агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру қажеттігін Мемлекет басшысы тағы да қайталап айтты.
Бірінші. Шаруаларды қолдау тетіктерін қайта қарау. Президент несие беру рәсімдерін жеңілдетудің маңыздылығына тоқталды. Бұл тәсілдердің қажеттілігінің мысалы ретінде егіннің рекордтық көлеміне қарамастан бағаның төмендегенін атап өтті.
Екінші. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына қолдау көрсете отырып, рентабельді дақылдарды өсіру бағытын жалғастыру. Осы орайда, ет өнімдерін экспорттау әлеуетін дамытудың маңызды элементтерінің бірі ретінде малды вакцинациялаудың және олардың арасындағы індетке қарсы тұрудың маңыздылығын атап өтті. Қажетті инфрақұрылымды, оның үстіне ауылдағы тұрмыс жағдайын дамытпай тұрып, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мүмкін емес. Ауылдарда тұрмыс деңгейін арттыру бойынша негізгі міндеттердің қатарында инфрақұрылымды дамыту және шағын және орта бизнес пен бизнес бастамаларды қолдау болып табылады», деді Бауыржан Шериязданов.
Осы жылды ел басшысы «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент атаулы жыл аясында кәсіптердің беделін арттыруға бағытталған бірқатар шаралар қабылдайтынын тілге тиек етті. Бауыржан Шериязданов бұл бастама кадрлардың кәсіби біліктілігін шыңдап, тұрмысын түзеуге ашылған даңғыл жол екеніне де тоқталды.
«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жұмысшы кәсіптердің беделін арттыруға бағытталған бірқатар шаралар қабылданатын болады. Атап айтқанда, кәсіптік және техникалық білім беру жүйесін толық қайта қарау жоспарланып отыр. Бизнесті осы жұмысқа кеңінен тарту үшін барлық ТжКБ ұйымдары үшін мемлекеттік тапсырыс мөлшері ұлғайтылады және теңестіріледі. Өз кезегінде әкімдер кәсіпкерлермен бірлесіп өңірлер үшін басым мамандықтарды айқындап, колледждерді сұранысқа ие кадрларды даярлауға бағдарлау мүмкіндігін иеленеді.
Мемлекет басшысы мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттыру міндетін қойды. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдар желісі бойынша «Әкімдер мектебі» ауқымды білім беру жобасын іске қосу тапсырылды (сайланған әкімдер, әсіресе бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемегендер үшін). Сондай-ақ, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шаралары ретінде мемлекеттік аппараттың азаматтардың өтініштерімен жұмыс жасауына назар аударылды. Бұл ретте, тек тыңдап қана қоймай, көтерілген мәселелерді шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізу маңызды», деді Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері.