Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Атырау облысына іссапармен келді. Ол Мемлекет басшысының кеңесшісі ретіндегі өңірдегі биылғы сапарын қаламгерлермен, облыстағы жас интеллектуал өкілдерімен кездесуден бастады.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен алқалы басқосуға облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысып, Атырауға ат басын тіреген мейманға «қош келдіңізін» айтты.
Жиында жаңа Қазақстан құруда әдебиеттің орны, бұл салада қалам тербеп жүрген жас қаламгерлердің шығармашылығын дамыту, қолдау реформалары туралы басым айтылды. Зиялы ортаны нығайтуда ең басты құндылық әдебиетке деген құштарлық туралы да сүбелі ой-пікірлер талқыланды.
-Атырау өңірі – нағыз шығармашыл орта. Бұл Фариза Оңғарсыновадай алыпты дүниеге әкелген қасиетті өлке. Бұл өңірде келесі жылы Сарайшықта Ұлттық құрылтайдың жоспарлануының өзі осы орданың рухани орталық екенін айғақтайды. Біз бүгінгі қоғамда болып жатқан келеңсіз оқиғалардың алдын алуымыз керек. Мұндай жағдайларға түрлі шығармалар жазып, кітап шығарумен қатар, әлеуметтік желілерде өзіміздің зиялы ойларымыз арқылы да әсер етуге әбден болады, – деді Мәлік Отарбаев.
Бүгінде Атырау өңірінің руханиятында жас қаламгерлер ортасы қарқынды қалыптасуда. Бұған бір ғана дәлел қазір жаңа кітап клубтары да ашылуда. Бұл туралы «Қазақстан Жазушылар одағы» Атырау облыстық филиалының директоры Әлия Дәулетбаева атап айтып, жас қаламгерлер шет тілдерін меңгеруі қажеттігін, бұл бағытта мемлекет тарапынан кеңінен қолдау көрсетудің маңыздылығын жеткізді.
-Одақтың біздің өңірдегі филиалында 30 мүшесі бар. Соның ішінде жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру бағытында шетел тілдерін үйренуге қолдау көрсетілсе деймін. Бұл жас қаламгерлердің шығармаларының шет тілдеріне де аударылып, кеңінен танылуына жол ашылар еді, – деді Ә.Дәулетбаева.
Әдебиетті жасауға әуелі табандылық пен ізденіс керек. Сонда ғана мазмұнды шығарма туындайды. Одан кейін оны көпшілік арасында танымал ету үшін осы салада маркетинг жұмыстарын нығайту маңызды. Жиынға қатысқан атыраулық жас қаламгерлер еркін форматта осы бағыттағы өзіндік ойларымен бөлісті.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ