Салтанатты іс-шара Францияның Келісім алаңында өтті.
Парижде 17-ші жазғы Паралимпиаданың шымылдығы ресми түрде түрілді, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігі.
Салтанатты іс-шара Францияның Келісім алаңында өтті. Ашылу салтанатында Қазақстан туын волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама мүшесі Берік Ізмағанбетов пен пара нысана көздеуден Севда Алиева ұстап шықты.
Жазғы Паралимпиада бәсекесі Франция астанасында алғаш рет өткізіліп отыр. Жарысқа 4 400-ден астам спортшы қатысады. Оларға 2 500 адам көмектеседі.
Сайыс бағдарламасына 22 спорт түрі мен 549 дисциплина енген. Ал ойындар 11 күнге жалғасады. Биылғы бағдарламаға жаңа спорт түрлері қосылмаған.
Алайда Токио-2020 ойындарының бағдарламасына енген пара бадминтон қайта ұсынылып отыр. Париждегі Паралимпиадаға Қазақстан құрамасынан 44 спортшы сынға түседі.
Бұл – ел тарихындағы рекордты көрсеткіш. Токио-2020 ойындарында ел намысын 26 спортшы қорғаған болатын.
Ел спортшылары ойындарға 1996 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді.