Біз үшін жай ғана қоқыс болып көрінетін бос бөтелкенің артында үлкен мүмкіндік жатыр. Әдетте қолымыздағы сусын ішкен құтыларды қоқысқа лақтыруға асығамыз. Ал оларды қайта өңдеп, кәдеге жаратудың қаншалықты маңызды екенін ескере бермейміз. Атырауда басталған жаңа бастама осы көзқарасты өзгертуге бағытталып отыр. Қоқыс жәшігінен зауытқа жеткізілген әрбір пластикалық бөтелке енді пайдалы шикізатқа айналады. Бұл – бір жағынан көше-көшемізді қоқыстан тазартудың төте жолы болса, екінші жағынан экономиканы қолдауға серпін беретін іс.
Әлемнің алпауыт елдері әлдеқашан бос құтылардан киім матасына дейін, құрылыс материалынан сәндік бұйымға дейін түрлі-түрлі өнім өндіріп, оны экспорттап отыр. Ал еліміз үшін мұндай тәжірибе – тек қоршаған ортаны қорғау емес, жаңа мүмкіндіктер алаңы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында «Таза Қазақстан» ұлттық жобасын айрықша атап өтті. «Қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен және шынайы қамқорлықпен қарау ұлттық идеологияның өзегі болуы тиіс.
Былтырдан бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр, бұл баршамызға аян. Осы жұмысқа миллиондаған азаматымыз атсалысуда»,-деді Президент. Демек, бұл бастама – жай ғана экологиялық шара емес. Бұл әр азаматтың жауапкершілігін, ұрпақ алдындағы парызын айқындайтын қадам. Әр бөтелке – қоқыс емес, табиғатқа жанашырлықтың, болашаққа қамқорлықтың нышаны.
Бүгінде әлемнің көптеген елдері бос пластик бөтелкені қоқыс емес, құнды шикізат көзі ретінде қабылдайды. Оны қайта өңдеу арқылы түрлі салаға тиімді пайдалану жолға қойылған. Мәселен, дамыған мемлекеттерде пластикалық құтылардан полиэстер талшығы өндіріліп, ол киім-кешек, кілем, көрпе-жастық, көлік жабдықтарына қолданылады. Сонымен қатар қайта өңделген бөтелкелерден қаптама материалдары, жаңа ыдыстар, құрылысқа қажетті бұйымдар жасалады. Жапония, Германия, Нидерландия сынды елдерде бос бөтелкелерден жасанды тақтай, жиһаз, спорт алаңының жабыны әзірленсе, әйгілі спорттық брендтер – Nike пен Adidas қайта өңделген пластиктен арнайы спорттық киім тігуде. Айталық, бір футболкаға орта есеппен 10–12 бөтелке жұмсалады. Скандинавия елдерінде «депозиттік жүйе» жақсы дамыған. Яғни әр бөтелкені сатып алғанда оның құнына аздаған ақы қосылады. Ал бос құтыны арнайы аппаратқа тапсырғанда сол қаражат иесіне қайтарылады. Бұл халықты бөтелкені қоқысқа тастамай, керісінше жинауға ынталандырады. Осындай тиімді тәжірибелер Қазақстанда да кеңінен енгізілсе, бір жағынан қоршаған ортаны қорғап, екінші жағынан экономиканы дамытуға сеп болары анық.
Осы бағытта өткен аптаның сенбісінде аудан әкімдігінің қолдауымен, «Интаго Қазақстан» ЖШС-нің ұйымдастыруымен «Бос пластикалық бөтелке әкеліп, балмұздаққа айырбаста» акциясы аясында жоба қолға алынды. Атырау облысынан арнайы «Интаго Қазақстан» ЖШС-нің бас директоры Азамат Асылбеков келіп, өндірістік және экологиялық жобалар жөнінде тілге тиек етті.
– Біз өңдеуші кәсіптің өкілдеріміз. Карабатанда бірнеше өндірістеріміз бар. Яғни біз дайын өнім шығарамыз. Өткен жылы зауыт ашып, ол елімізде ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы көлемі жағынан ірі саналатын зауытты іске қостық. Бұл «Полиэфирное штапельді талшық»(полиэфир штапельді талшық) ол Қазақстанда шықпайды.Оны біздің ел шетелден тасымалдайды. Енді біздер бастаған жоба арқылы алдағы жылдың наурыз айында өзіміздің «Полиэфирный штапельное волокно» шикізат өндіретін жаңа зауыт бой көтеруде, соны іске қосу жос-парланып отыр. Осы штапельді талшықтың шикізаты сіз бен біз көріп жүрген пластикалық бөтелке болмақ. Осыған байланысты біз жобамыздың аясында Атырау облысынан бөлек, жалпы Батыс аймағы бойынша бүкіл пластикалық қалдықтарды жинап, оны қайта өңдейтін боламыз,-деді ол өз сөзінде.
Атыраулық кәсіпкерлер өндірісті дамытып, экспортқа көбірек ден қоя бастады. Мәселен, өткен жылы іске қосылған полиэфирлі геосинтетикалық материал шығаратын зауыт тауардың 40 пайызын ТМД елдеріне жөнелтеді. Өңірде баламасы жоқ кәсіпорын жылына 15 млн шаршы метр өнім өндіруге қауқарлы. Бұл бастама құрылысшыларды жергілікті тауармен қамтуға мүмкіндік береді әрі отандық өнімнің ішкі айналымдағы үлесін арттырады. Бағасы да қолжетімді. Дайын өнімді жол құрылысына, темір жол, ғимарат негіздеріне және дренаждық жүйелерде және т.б. салада қолданады. Биыл компания қосымша 4 млрд теңге инвестиция тартып, тағы 3 жобаны жүзеге асырмақ. Бұл 160 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Кәсіпкердің айтуынша, пластикалық қалдықтарды қайта өңдеу экологияға ғана емес, өңір экономикасына да елеулі үлес қоспақ.
–Біз бір жыл ішінде Қазақстанның түрлі қалаларына, сондай-ақ, шетелдік нарықтарға да дайын өнімдерімізді ұсынып келеміз.Өндірісімізге қажетті негізгі шикізат түрлері – полиэтилен, полипропилен және өзге де пластик өнімдері. Яғни біз тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, оларды тазалау, жуу, бөлшектеу сияқты кезеңдерден өткізіп, дайын өнімге айналдырамыз.Қазір пластиктің бағасы тоннасына 185 мың теңге, яғни 1 келісі – 180 теңге. Статистика бойынша, әрбір адам айына шамамен 5 келі қалдық шығарады. Демек, әрбір тұрғыннан ай сайын орта есеппен 1000 теңгенің шикізаты далаға кетуде. Егер бұл қалдықтарды жүйелі түрде жинап, қайта өңдеуге бағыттасақ, бір жағынан табыс көзіне, екінші жағынан табиғатты қорғаудың тиімді жолына айналары анық. Мәселен, Атырау облысының өзіне айына 500 тонна шикізат қажет. Қазір тек Атырау қаласының өзінен 100–150 тонна көлемінде жиналуда. Ал аудандардан 40–50 тоннадан жинақталса, толық қажеттілікті өтеуге мүмкіндік бар,-деді құрылтайшы Азамат Асылбеков.
Компания өкілдері аудан әкімдігі ұсынған бастаманы қолдап, аудан орталығынан да пластикалық қалдықтарды жинайтын арнайы орын ашу туралы ұсыныстарын ашық айтты. Кәсіпкерге жағдай жасап, құрылғыларын алып беруге көмек ететінін қаперге берді. Бұл қадам экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашуға да жол ашпақ. Акция барысында ауыл тұрғындары 5000-нан астам пластикалық бөтелке әкеліп, тапсырды. Нәтижесінде әр 6 бөтелкеге тегін 1 балмұздақтан үлестірілді. Пластикалық бөтелкенің жалпы салмағы 250 келіні құрады. Бұл аудан халқының экологияға деген жанашырлығын айқын көрсеткен нақты нәтиже болды.
Бұл акцияда, әсіресе, балалар белсенді қатысты. Кішкентайлардың қолында қапқа толы бөтелкелерді көруге болады. Олардың ынта-жігері үлкендерді де қанаттандырды. Әсіресе, Медет есімді бүлдіршіннің 90 бөтелке жинап әкелгені назарға түсіп, барша қатысушыларға үлгі болды.Сонымен бірге балаларын ертіп келген ата-ана легі де толастаған жоқ.
– Бүгінгі акцияға балаларыммен келдім. Балаларым да бөтелке жинап, қуана әкелді. Бұл – бір жағынан табиғатты қорғау болса, екінші жағынан жас ұрпақты еңбекке, тазалыққа баулудың тамаша үлгісі. Егер осындай шаралар жиі өткізіліп тұрса, ауылымыздың да, болашағымыздың да келбеті айшықтала түсер еді,-деді бізбен болған әңгімесінде Нұржан Жалекеев есімді ауыл тұрғыны.
Осылайша сенбілік шарасы мен аталмыш акция аудан тұрғындарының бірлігін, қоршаған ортаға деген қамқорлығын айқын көрсетіп қана қоймай, экологиялық маңызды жобалардың бастамасына айналды. Сол күні «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен сенбілікке мемлекеттік қызметкерлер, дербес бөлім басшылары, жастар, ауыл тұрғындары атсалысып, қоршаған ортаны тазартуға өз үлестерін қосты.
Сағыныш ҚАЙЫР