Былтыр алғашқы жартыжылдықта Мақат ауданында 62,2 млн.теңгеге 21 мемлекеттік сатып алу рәсімі жасалған. Биыл бұл көрсеткіш 532,1 млн.теңгеге жетіп, айтарлықтай өсіп отыр. Сәйкесінше мемлекеттік сатып алу рәсімінің саны да артқан.
Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алулар туралы заңнаманы жетілдіру бағытында бірқатар кешенді өзгерістер енгізді. Бұл өзгерістер конкурстарды өткізу мерзімдерін қысқарту, рәсімдерді жеңілдету, электронды құралдарды енгізу, ашықтықты қамтамасыз ету, бақылау мен есептілікті күшейту және сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларын қамтиды.
Мемлекет басшысы мен Үкіметтің айқын ұстанымы – шағын және орта бизнесті мемлекеттік сатып алуларға кеңінен тарту арқылы экономиканы жандандыру, ауыл кәсіпкерлерін қолдау, отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Бұрын веб-порталда баға ұсыныстарын жинау тәсілімен өткізілетін сатып алулар туралы хабарландыру 5 жұмыс күні бұрын жариялануы тиіс болса, жаңа тәртіп бойынша бұл мерзім 2 жұмыс күніне дейін қысқартылды.
Ашық конкурс тәсілімен өткізілетін сатып алулардың да мерзімдері оңтайландырылып, конкурс құжаттамасын талқылау 5 күннен 3 күнге, ұсыныстарды қарау мен қорытынды шығару уақыты 10 күннен 3 күнге дейін қысқартылды. Қазіргі таңда конкурс өткізу рәсімінің жалпы ұзақтығы – бар болғаны 14-18 күн. Камералдық бақылау бір ғана жұмыс күнінде жүргізіледі. Бұл – мемлекеттік сатып алу процесін жылдам әрі икемді етуге бағытталған маңызды қадам.
Өткен жылдан бастап жаңа – рейтинг-баллдық жүйе енгізілді. Енді конкурстық комиссияның қатысуынсыз, веб-портал автоматты түрде ұсынылған баға мен қатысушылардың жұмыс тәжірибесі, қаржылық тұрақтылығы секілді өлшемшарттарды ескере отырып, жеңімпазды анықтайды.
Бұл жүйе алдымен құрылыс саласындағы сатып алуларда сынақтан өтіп, тиімділігі дәлелденді. Енді ол өзге салаларда да қолданылатын болады. Жаңа жүйе аясындағы конкурс небәрі 5 жұмыс күнінде өткізіледі (бұрын бұл 15 күнге созылатын).
Жаңа заңға сәйкес, бір көзден сатып алу тәсілімен тауарлар – 100 АЕК-ке дейін, жұмыстар мен қызметтер – 500 АЕК-ке дейінгі көлемде жүзеге асырылады. Ауылдық округ әкімдіктері үшін бұл шекті мөлшер 4000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Бұл – ауылдық жерлердегі шағын бизнес өкілдері үшін елеулі қолдау.
Талғат МАҚСҰТОВ,
Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары