Биыл 23 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген отырысында «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында құқық бұзушылықтарға мүлде төзбеушілік қағидатын ұстануды, заңды құрметтеуді және отбасылық құндылықтарды нығайтуды басты міндеттердің бірі ретінде атап өтті.
Қоғам тұрақтылығы мен дамуы – әрбір отбасының тыныштығы мен амандығына тікелей байланысты. Өйткені отбасы – тұлғаның алғашқы тәрбиесі мен мінез-құлқы қалыптасатын, жауапкершілік пен сүйіспеншілікке, сыйластық пен түсіністікке баулитын қасиетті шаңырақ. Алайда соңғы жылдары елімізде тұрмыстық қатынастарға байланысты келеңсіз оқиғалар жиілей түсті.
Мәселен, биылғы жылдың өзінде облыс аумағында отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар аясында 67 қылмыстық оқиға тіркелген. Бұл – жай ғана статистика емес. Бұл – 67 тағдыр, 67 жанұя, 67 қайғылы оқиға. Мұндай деректердің артында адам өмірі, баланың психологиялық жай-күйі, әйелдердің қауіпсіздігі және ер азаматтардың жауапкершілігі тұр. Ең өкініштісі – бұл қылмыстардың дені ішкі жанжалдар мен тұрмыстық кикілжіңдердің салдарынан туындаған.
Бұл – қоғамдағы әлеуметтік-психологиялық ахуал мен отбасындағы қарым-қатынас мәдениетінің әлсіреп бара жатқандығын көрсетеді.
Мемлекет тарапынан бұл түйткілді мәселені шешу бағытында бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Құқық қорғау органдары отбасылық жанжалдарға жедел әрекет ету, зардап шеккен тараптарға уақытша баспана беру, психологиялық қолдау көрсету жұмыстарын жүйелі жүргізуде. Дегенмен, бұл проблеманы тек заң шеңберінде шешу мүмкін емес.
Бүкіл қоғам болып, әрбір отбасы мүшесі болып, қарым-қатынас мәдениетін арттыруымыз керек. Сыйластық пен сенімге құрылған байланыс – отбасы берекесінің алтын діңгегі. Жергілікті билік пен құқық қорғау органдары әлеуметтік осал топтарға арнап психологиялық және құқықтық кеңестер ұйымдастыруда. Сонымен қатар мектептер мен колледждерде отбасы құндылықтарын насихаттайтын тәрбиелік іс-шаралар өткізіліп, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Отбасы – тек жеке адамның ғана емес, тұтас ұлттың негізі. Сондықтан әрбір ұрыс-керіс, әрбір зорлық-зомбылық әрекеті – жеке бір адамның ғана емес, тұтас қоғамның дерті.
Аңыз тұлға Бауыржан Момышұлы: «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Бұл сөз – отбасындағы тыныштықтың мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенінің айқын дәлелі. Отбасындағы тыныштық – ел ішіндегі тұрақтылықтың кепілі. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарамау – әрбір азаматтың адамгершілік әрі азаматтық борышы.
Айсұлу СҮЛЕЙМЕН
Атырау облыстық прокуратурасы
1-басқарманың аға прокуроры