ОТАНҒА АДАЛДЫҚ – БАСТЫ МАҚСАТ

ОТАНҒА АДАЛДЫҚ – БАСТЫ МАҚСАТ
Фото: jambylinfo.kz
(0 Votes)

ПРЕЗИДЕНТІМІЗ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНДА: «АЗАМАТТАРЫМЫЗ, ӘСІРЕСЕ, ЖАСТАР ЕҢ ЖАҚСЫ ҚАСИЕТТЕРДІ БОЙЫНА СІҢІРУІ ҚАЖЕТ. ОНЫҢ БӘРІ БІРІГІП, БІРТҰТАС ҚОҒАМДЫҚ ҚАСИЕТКЕ АЙНАЛАДЫ. ӘРКІМ ОТАНШЫЛ, БІЛІМПАЗ, ЕҢБЕКҚОР, ТӘРТІПТІ, АДАЛ, ӘДІЛ, ҮНЕМШІЛ ӘРІ ЖАНАШЫР БОЛСА, АЛЫНБАЙТЫН АСУ ЖОҚ. ШЫН МӘНІНДЕ, АДАЛДЫҚ ЖОҚ ЖЕРДЕ ЕШҚАШАН ӘДІЛДІК БОЛМАЙДЫ. ӘРБІР АДАМ ІСІ МЕН СӨЗІ БІР ЖЕРДЕН ШЫҒАТЫН АДАЛ АЗАМАТ БОЛСА, ӘДІЛДІК ОРНАЙДЫ», ДЕЙДІ. ЖАЛПЫ АДАЛДЫҚ ДЕГЕН ҚАСТЕРЛІ ҰҒЫМ. СОНЫҢ ЕҢ БАСЫНДА – ОТАНҒА ДЕГЕН АДАЛДЫҚ ТҰРУЫ ТИІС. БҰЛ БІЗДІҢ ЖАН ДҮНИЕМІЗДІҢ ТАЗАЛЫҒЫНАН БАСТАЛАДЫ. ОЛ АДАМИ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАН ЖӘНЕ ІС- ӘРЕКЕТІМІЗДЕН КӨРІНЕДІ. АДАЛ АДАМҒА СЕНІМ АРТУҒА БОЛАДЫ, ОНЫҢ ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ДА АРАМДЫҚҚА БАРМАЙТЫНЫ МӘЛІМ. БҮГІНГІ ҚОҒАМҒА АУАДАЙ ҚАЖЕТТІҢ БІРІ – АДАЛДЫҚ. ӘСІРЕСЕ ЕЛ КЕЛЕШЕГІ ЖАСТАРДЫ ШЫНШЫЛДЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕП, ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТОПЫРАҒЫНА ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ БАУЛУ БАСТЫ НАЗАРДА ҰСТАЛУЫ ТИІС. 

Туған елге деген адалдықтың көрінісін Сингапурдың президенті болған Ли Куан Ю-дың өмірінен көреміз. Ол 25 жыл билік басында болғанда ешқандай қазба байлығы жоқ бұл елді халқының тұрмысы жағынан әлем бойынша алдыңғы орынға шығарды. Адалдығы сондай, ел басқарып отырғанда өзінің жұмысын тексеретін арнайы комиссия құрып, оған бірқатар өкілеттіктер берген. Комиссия Ли Куанның қызметін тексеріп ешқандай кінәрат таппаған. «Бірге жұмыс жасау үшін, бір-біріңді жақсы көру шарт емес» деген президент, қасындағылардың ақыл-кеңесін тыңдаудан бас тартпаған, жанына жақын туыстарын жинамаған. «Мен бұрынғыдай мейрамханаға бара алмаймын. Себебі, менің қолымды алғысы келетін адамның көптігі сонша, тамақ ішуге уақытым болмайды. Егер барсам, достарыммен ешкім көрмейтін бұрышқа отырып алуға тырысамын» деген сөзінен жасы келіп биліктен кетсе де халықтың оған деген шексіз құрметін байқаймыз. Әлем «темір леди» атап кеткен, Ұлыбританияның премьер-министрі болған Маргарет Тэтчер: «Кезінде Сингапур Ұлыбританиядан үйренуші еді. Енді біз Сингапурдан үйреніп жатырмыз» деп мойындаған. Билікке келген Ли Куан Юдің алдында басқарудың екі жолы тұрды. Біріншісі – қолындағы билігін пайдаланып, ақша жымқырып, өзін және отбасын, достарын, туыстарын әлемдегі ең бай адамдардың қатарына енгізіп, халқын кедейшілікте қалдыру. Екіншісі – жемқорлықпен күрес жүргізу арқылы халқын кедейліктен құтқарып, дамыған алдыңғы қатарлы он елдің қатарына кіргізу болды. Ли Куан Ю екінші жолды таңдап, алға қойған мақсатына жетті. Жеке басына жағдай жасау үшін емес, мемлекетті көтеру үшін жұмыстанды. Замандастары оның адал, әділ, сонымен қатар, жемқорлыққа төзбейтін қатал болғанын жеткізген.

Көріп отырсыздар, билік басындағы әрбір адам қара басының қамынан елдің мүддесін жоғары қойып, мемлекетке адал қызмет етсе, өркендеп даму басталады. Адалдықтың тағы бір мысалы ретінде шетелде жүрген барлаушыларды келтірейік. Олар Отанының мүддесі үшін бастарын қатерге тігеді. Барлаушының өзі барған елде тұрақтап қалуына болады ғой. Алайда, олар үшін бір ғана Отан бар, ол – туған елі. Сол үшін жанын қиюға дайын. Ортаға шығып марапат алып жатпағандықтан, бәрі құпия болғандықтан біз олардың қауіпті қызметінің жай-жапсарын толық біле алмаймыз. Там-тұм деректердің өзі еліне адал барлаушылардың қандай ерлікке барып жатқанынан хабардар етеді.

Өкінішке орай, бізде қолына билік тисе қазынадан қарпып қалуға тырысатындар көп. Олар өздері тұрып жатқан мемлекеттің мүддесін ойлап, басын ауыртпайды. Қалай болғанда да бірдеңе алып қалуы тиіс. Қаншасы сотталып, темір тордың арғы жағынан шығып немесе ұрлағанын артығымен қайтарып жатыр. «Ұсталмаған ұры емес» деп одан сабақ алмайды. Өгіздің басына туған күн, бұзаудың басына да туады деп ойламайды. Тәуелсіздік алғалы отыз үш жыл болса да жемқорлықтан әлі арылмай жүрміз. Лауазым иелерінің көбінде Отанға қызметтен, қара басының қамы жоғары тұрады. Мұндайлардан адал азамат шығады деп айту қиын. Кейінгілерге үлгі болуы үшін майшелпек етіп отырған орнынан босатып, дүние-мүлкін тәркілеп, қайтып мемлекеттік қызметке мүлдем жолатпайтын ету қажет. Бәрібір пайдасы тимейді. Ал, елге адал қызмет етіп жүргендерді дәріптеу керек. Олар, әрине, қарсы болары анық. Бірақ, осылай етсек ғана жастарды адал азамат болуға тәрбиелей аламыз.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT