1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Атырау облысы Төтенше жағдай департаменті мектеп жасындағы балаларға арналған арнайы қауіпсіздік көрмесін ұйымдастырды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Исатай-Махамбет алаңында өткізілген іс-шараға 50 шақты мектеп оқушысы қатысып, өрт сөндіру техникалары мен құтқару құрал-жабдықтарды пайдалану барысымен танысты. Сонымен қатар зардап шеккен адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін үйреніп, өмірлік маңызды дағдыларды меңгерді.
Республикалық “Бала қауіпсіздігі – басты назарда” акциясының негізгі мақсаты – оқушыларды төтенше жағдайлар кезінде өзін дұрыс ұстауға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға үйрету. Шара аясында балаларға арналған үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, асфальтқа сурет салу сайыстары мен флешмобтар ұйымдастырылуда. Мұның бәрі қауіпсіздік дағдыларын ойын арқылы жеткізуге бағытталған,- деді Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нариман Өтешов.
Балалар қызықты ойындар мен сайыстарға қатысып қана қоймай, құтқарушылардың жұмысын көзбен көріп, олардың ерлігіне тәнті болды.
Бүгінгі шара маған қатты ұнады. Көңіл-күйім өте тамаша. Енді өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қалай жұмыс істейтінін анық түсіндім. Болашақта мен де өрт сөндіруші болғым келеді. Адамдарға көмек көрсетіп, оларды құтқару – нағыз батылдық. Сол үшін қаhармандарға мың алғыс,- деді қатысушы Нұрсаят Жолдас.
Акция соңында қатысушыларға естелік сыйлықтар мен жадынамалар үлестірілді.