Атырауда кәсіби оқыту орталығы құрылмақ

Атырауда кәсіби оқыту орталығы құрылмақ
(0 Votes)

Атырау қаласында өткен ғылыми форумда мұнай-газ химиясы саласын дамыту және кадрмен қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды. Іс-шара ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, химия ғылымдарының докторы, еліміздің газ-химия саласының негізін қалаушы Раушан Сармурзинаның ғылымдағы 60 жылдығына арналды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Форумға Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев, ҚР Еңбек сіңірген мұнайшысы Ұзақбай Қарабалин, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ аппарат басшысы Әлімұхаммед Құттұмұратұлы, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова, Ресей Федерациясының Еңбек сіңірген ғылым қайраткері Эльшад Теляшев және өзге де ғалымдар мен сала мамандары қатысты.

Форумда еліміздегі мұнай-газ химиясы саласындағы маңызды кезеңдер – Kazakhstan Petrochemical Industries (KPI) зауытының толық қуатында іске қосылуы және Silleno жобасы құрылысының басталуы атап өтілді. Осы орайда кадр даярлау мәселесі басты назарға алынды.

– Раушан Ғайсиқызының ғылыми мұрасы – еліміздің мұнай-газ химиясы саласының негізін қалаған іргелі еңбек. Бұл форум – ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығын арттыруға бағытталған маңызды алаң, – деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев.

Форумда сөз алған ҚР Еңбек сіңірген мұнайшысы Ұзақбай Қарабалин болашақта осы өндірістерді тиімді әрі тұрақты басқара алатын, заманауи технологияны меңгерген мамандар қажеттігін атап өтті.

– Еліміздің газ-химия өндірісі жаңа кезеңге қадам басты. Осы жолда Раушан Сармурзинаның еңбегі ерекше – ол тек ғылыми ізденістермен шектелмей, тұтас саланың іргетасын қалады. Ендігі міндет – сол ғылыми мұраны сақтап, оны мамандардың жаңа толқыны арқылы жалғастыру. Бұл үшін кәсіби оқыту орталығының құрылуы – дер кезінде жасалған маңызды қадам,- деді ол.

Форум аясында «Қазақстан Республикасының мұнай-газ химия өнеркәсібі үшін өңірлік оқу базасын дамыту» тақырыбында панельдік талқылау ұйымдастырылып, кадрмен қамту, оқу-өндірістік алаңдарды дамыту және ғылыми зерттеулер мәселелері қарастырылды.

Форум шеңберінде Кәсіби оқыту орталығының құрылатыны жария етілді. Бұл бастама – С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің, «ҚазМұнайГаз» ҰК және салалық компаниялардың бірлескен шешімі. Орталық газ-химия, мұнай-газ және полимер өнеркәсібі үшін дуалды білім беру жүйесі негізінде жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталмақ. Ол тек KPI және Silleno жобаларымен шектелмей, бүкіл салалық экожүйенің кадрлық сұранысына жауап береді.

Бастама 2024–2030 жылдарға арналған мұнай-газ химия өнеркәсібін дамыту жөніндегі жол картасы аясында жүзеге асырылмақ. Бүгінде университет жанынан оқу-өндірістік полигоны, заманауи химиялық зертханалар мен Honeywell тәжірибелік кабинеті жұмыс істейді. Сонымен қатар Тобольск қаласындағы СИБУР оқу орталығымен тәжірибе алмасу арқылы оқу-жаттығу инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда.

Форумды С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті ұйымдастырды. Университет ғылым мен өндірісті ұштастырып, өңірлік кәсіби білім беру экожүйесін дамытудың белсенді қатысушысы ретінде танылып отыр.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT