Ынтымақ ауылының тұрғыны, еңбекқор қолөнерші Венера Тоқтарбайқызы Ержанова өз қолымен жасаған ұлттық нақыштағы бұйымдарымен ерекшеленеді. Оның туындылары қатарында әсем тақиялар, әйелдерге арналған телпек, кеудешелер, шұлықтар, балалар киімдері, тоқыма ойыншықтар мен кәдесыйлар бар. Әсіресе әртүрлі жастағы адамдарға арналған тоқылған аяқ киімдерге деген сұраныс жоғары.
Венера Тоқтарбайқызы еңбекқорлық пен шеберлікті жастайынан бойына сіңірген. Ісмерлік өнерді анасы Жұмагүл Асановадан үйреніп, кішкентайынан тоқымаға жақын болып өскен. Шұлық, кеудеше тоқудан бастап, бүгінде аяқ киім жасауға дейін жетіліп, соңғы екі жылдан бері осы бағытта белсенді еңбек етіп келеді.
Алайда, жұмысына қажетті түрлі-түсті жіптер мен аяқ киім табандары жергілікті жерде өндірілмегендіктен, Атырау қаласынан немесе Алматыдан материалдар алдыруға мәжбүр. Бұл, әрине, өнімнің өзіндік құнын арттырады. Соған қарамастан Венера сапалы жібек жіптерді пайдаланып, өз туындыларының беріктігіне және эстетикалық тартымдылығына үлкен мән береді. Ол қолынан шыққан өнімдерін тұтынушыларына мақтанышпен ұсынады.
Бүгінде Венера ауылдастарының тапсырыстарын орындап, қолөнер бұйымдарына сұранысты қанағаттандырып отыр. Оның жасаған аяқ киімдері фабрикалық өнімдерден кем түспейді, әрі экологиялық таза, жеңіл әрі ыңғайлы. Өткен жылы ол «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында Атырауда өткен іскер әйелдер көрмесіне қатысып, арнайы Алғыс хатпен марапатталды.
Қолөнерді тек хобби ретінде ғана емес, табыс көзіне де айналдыруды мақсат еткен Венераның еңбегіне отбасынан қолдау көрсетіліп келеді. Жолдасы мен енесі оның ісіне түсіністікпен қарап, демеу береді. Венера:
– Атам Әбілхайыр Ержанов ауылымызда ұста болған. Ат арба, ер-тоқым сынды ұлттық бұйымдарды жасап, елге белгілі шебер еді. Кішкентай кезімде атама қарап, «сіздің өнеріңізді жалғастырамын» деп армандайтынмын. Бүгінде ата жолын жалғастырып жүргеніме қуанамын, – дейді.
Венера мемлекеттік гранттарға қатысып, кәсібін кеңейтуді де ойлаған. Алайда әлеуметтік осал топқа жатпағандықтан, әзірге грант иелену мүмкін болмапты. Болашақта аудан орталығынан арнайы шағын цех ашып, өз ісін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Венера Тоқтарбайқызы – Индердің келіні. Өзі Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы Шиелі ауылында дүниеге келген. Ауылдағы Қайники Жармағанбетов атындағы орта мектепті бітіріп, Қостанай қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы колледжде және кейін осы салада жоғары оқу орнында білім алған. Дегенмен, мамандығы бойынша жұмыс істемей, өмір жолын қолөнермен байланыстырды.
Бүгінде ол Ынтымақ ауылында тұрып жатыр. Жолдасы Тимур Теңіз кенішінде вахталық қызметте жұмыс істейді, ал Венера Ә.Кекілбаев атындағы орта мектепте қоймашы болып еңбек етеді. Жас отбасының Қайсар есімді ұлы бар.
Біз де еңбекқор жұмысшы маман Венера Тоқтарбайқызына бастаған ісінің берекелі болуын, кәсіби шыңдалу жолында биік белестерді бағындыруын тілейміз.
С.Сансыбайұлы
Индер ауданы