Атырауда канистр шығаратын зауыт толық қуатта жұмысын бастады

Атырауда канистр шығаратын зауыт толық қуатта жұмысын бастады
(0 Votes)

Атырау облысында 2020 жылы пилоттық жоба ретінде іске қосылған канистр өндіретін зауыт бүгінде толық қуатында жұмыс істеп жатыр. Бұл - Қазақстан бойынша Алматыдан кейінгі екінші осындай өндіріс орны.

Зауытта 5 және 10 литрлік түрлі-түсті канистр шығарылады. Олар өсімдік шаруашылығына, құрылыс саласына қажетті химиялық сұйықтықтарды құюға арналған. Айта кету керек, бұл тауарларға азық-түлік өнімдерін құюға болмайды.

- Маркетингтік зерттеулер кезінде аталған өнімдерді аймақ ішінде шығару тиімділігі дәлелденген. Себебі логистика саласында мұндай өнімдерді алысқа тасымалдау қиындық тудырады. Осы ретте Атыраудағы өндіріс орны еліміздің батыс аймағын толық қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Қазір зауыт жылына 10 литрлік – 120 мың, ал 5 литрлік 4 мың канистр шығаруды жоспарлап отыр. Шығарылған өнімдер негізінен Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына таратылады, - дейді «АтырауПласт» ЖШС-нің құрылтайшысы Дәурен Сабыров.

Айта кету керек, қазір зауыт өкілдері Ресейдің Астрахан облысымен де келіссөздер жүргізіп жатыр. Қазірдің өзінде алғашқы сынақ партиясы көршілес аймаққа жөнелтіліпті. Егер ресейлік тұтынушылар тарапынан оң баға алса, экспорттық бағыт та кеңеймек.

Ал, шикізат мәселесіне келсек, бүгінде зауыт Ресейдің «Лукойл» компаниясынан полиэтилен сатып алады. Кәсіпорын 2023 жылы бұл компаниямен келісімшартқа отырған.

- Атыраудағы КРІ зауыты 2029 жылы жұмыстарын кеңейтіп, қосымша өндірістерін іске қосқаннан кейін, полиэтилен де отандық нарықтан алына бастайды. Бұл кезде біз де қажетті шикізатты аталған зауыттан аламыз деген жоспар бар, - дейді Дәурен Сабыров.

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT