Облыстық құрылыс басқармасымен бірлескен жауаптылар Жылыой ауданындағы жаңа нысанды аралап қайтты. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мәлім етті деп, хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазір облыста психоневрологиялық ауытқуы бар арнаулы орталықта ем алуды қажет ететін ересектер тізімінде 150 адам бар. Басқарма басшысының айтуынша жаңа орталық пайдалануға берілген соң, тізімдегілер осында орналастырылады.
“Өздеріңізге мәлім Махамбет ауданындағы психоневрологиялық ауытқуы бар ересектерге арналған орталықта орын тапшы. Осы жағдайды ескеріп, Жылыой ауданындағы ескі аурухана ғимаратын жаңартып, екінші арнаулы орталық ашуды жоспарға енгіздік. Ал 2021 жылы облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен ғимаратты реконструкциялау жұмыстары басталды. Қазір құрылыс аяқталды. Жауаптылармен бірге орталық аумағын аралау барысында қыркүйек айына дейін қосалқы жұмыстардың толық аяқталатыны белгілі болды”,- деді А.Мәмбетов.
Үш қабатты жаңа ғимаратқа 160 адам сыяды. Әр қабатта асхана және жуыну бөлмелері қарастырылған. Ал мұндағы палаталар стандартқа сай. Сондай-ақ орталықтың ауласында науқастарға арналған монша мен кір жуу комбинаты салынған.