АСТАНА. KAZINFORM – Депутат Елнұр Бейсенбаев бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында қабылданған еліміздің барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерін Мемлекет басшысының төңірегінде топтасуға және Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негізделген резолюцияға қатысты пікір айтты.
– Бұл қарар – коллегиялы түрде қабылданған құжат. Оның басты мақсаты – Мемлекет басшысының үш жылда жасаған негізгі реформалары аясындағы қабылданған формулалар мен құжаттар, іске асып жатқан заңдар бойынша Мәжілістің басты позициясын анықтайды. Осы орайда барлық ұстанымдарды бүгін қабылданған қарарда көрсеттік. Оның ішінде мықты институттар, яғни Парламент пен Үкіметтің рөлі, сондай-ақ әділеттілік ұстанымы, ашықтық пен еркіндік сияқты негізгі қағидаттарға жауап берілген, - деді Е.Бейсенбаев Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжіліс Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негізделген резолюцияны қабылдады.
– Қазақстан үш жыл бұрын жаңғыру мен әділетті қоғам құру жолын таңдады. Президент көпшіліктің өзгерістерге деген сұранысын іске асыра отырып, мемлекетті нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасына бастамашылық етті. Бүгін біз сол трансформацияны қорытындылап отырмыз: мемлекет күштірек, халық белсендірек бола түсті. Қоғам өмірінің барлық саласы мен саяси мәдениет түбірімен өзгерді. Президенттің байыпты бағдары арқасында реформалар мызғымас сипатқа ие болып, әділеттілік, ашықтық және жауапкершілік қағидаттары ел дамуының жаңа моделін қалыптастырды... Қазақстан – адал еңбек табысқа жетелейтін, заң тұлғалар мен мәртебеден жоғары тұратын, ал болашағы халықпен бірге құрылатын ел. Мәжіліс Президенттің бағытына қолдау білдіріп, басты мақсатымыз – Әділетті Қазақстан құру үшін барлық азаматты бірігуге шақырады, - делінген қарар мәтінінде.