Атырауда PetroHSE-2025 атты мұнай-газ саласындағы еңбек қорғау, өндірістік және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне арналған алғашқы мамандандырылған конференция өтті. Іс-шараны Қазақстанның Мұнай-газ кеңесі PetroCouncil ұйымдастырды.
Конференцияға саладағы жетекші компаниялардың өкілдері қатарынан 200-ге жуық маман қатысты. Негізгі мақсат — озық тәжірибемен бөлісу және мұнай-газ операцияларының барлық кезеңдерінде қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған ортақ стратегияларды талқылау.
Конференцияға қатысушылардың бірі — Теңізшевройл (ТШО) компаниясы өздерінің қауіпсіздік үдерістерін цифрландыру және қауіпсіз еңбек мәдениетін дамыту бойынша бастамаларын таныстырды.
ЦИФРЛЫҚ ШЕШІМДЕРДІ ЕНГІЗУ: ЭЛЕКТРОНДЫҚ НАРЯД-ДОПУСКТАР (ЭНД)
ТШО-ның өндірісті жоспарлау және оңтайландыру жөніндегі менеджері Александр Граф еңбек қауіпсіздігі үдерістерін цифрландырудың заманауи тәсілдерімен бөлісті. Ол жоғары қауіпті жұмыстарға рұқсат беру рәсімін автоматтандыру мен оңтайландыруға арналған электрондық наряд-допуск (ЭНД) жүйесін таныстырды.
ЭНД жүйесін енгізу 2021 жылы басталды және бұл — қағаз құжаттамадан бас тартып, бірыңғай цифрлық платформаға көшу жолындағы маңызды қадам. Бұл шешім өндірістік хабардарлықты арттыруға, үдерістердің ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарына сәйкестікті күшейтуге бағытталған. Қазіргі уақытта ЭНД жүйесі негізгі өндірістік нысандарда толықтай жұмыс істейді, ал 2025 жылдан бастап оны Болашақ кеңею жобасы (БКЖ) нысандарына кеңейту басталды.
«ӨНДІРІСТІК ӨСИЕТТЕР»: CHEVRON-НАН ҚАУІПСІЗДІК ФИЛОСОФИЯСЫ
ТШО-ның еңбек қорғау, өндірістік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау департаментінің бас менеджері Нұртас Кеңғанов «Өндірістік өсиеттер» тұжырымдамасын таныстырды. Бұл қағидалар 1995 жылы оқыс оқиғалар туралы тарихи деректерге негізделе отырып әзірленген. Chevron сарапшылары консалтингтік компаниялармен бірлесіп, күнделікті қауіпсіз әрекетті қалыптастыратын 10 қағиданы әзірледі.
Бұл қағидалар формалды регламент емес — жұмысшылардың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттыратын этикалық әрі кәсіби бағдар. Олар жұмысты тоқтату немесе кідірту туралы саналы шешім қабылдауға шақырады. Түпкі мақсаты — адам мен қоршаған ортаны қорғау сияқты корпоративтік құндылықтарды нығайту.
ҚАУІПСІЗ ЕҢБЕК МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ҮЛЕСІ
2001 жылдан бастап ТШО-да Қауіпсіз еңбек мәдениеті (ҚЕМ) бағдарламасы жұмыс істейді. Оның мақсаты — барлық оқыс оқиғалардың алдын алуға болатынына деген сенімге негізделген тұрақты мінез-құлық үлгісін қалыптастыру. Бағдарлама тек компания қызметкерлерін ғана емес, мердігер ұйымдарды да қамтиды.
Компанияда бұрын Қауіпсіз мінез-құлық бағдарламасы (ҚМБ) жұмыс істеген болатын. Ол қауіпті әрекеттерді бақылап, алдын алуға бағытталған. Қазір бұл бағдарлама формалды түрде аяқталғанымен, жеке жауапкершілік пен жұмысты тоқтату құқығын қолдану қағидалары әлі де насихатталуда.
АПАТСЫЗ ЖҰМЫС: СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАСЫМДЫҚ
Компанияның тағы бір маңызды бастамасы — 2019 жылы енгізілген Апатсыз жұмыс бағдарламасы (АЖБ). Бұл — өндірісті басқару жүйесінің бір бөлігі болып табылатын, операциялық тәртіп пен басшылықтың жауапкершілігін арттыруға бағытталған жоба.
Бағдарлама үш негізгі мінез-құлық компонентіне негізделген:
* Сенім
* Корпоративтік құндылықтарға адалдық
* Әрекеттегі саналық
АЖБ-ның басты мақсаты — қауіпсіз ойлау мен мінез-құлықты барлық деңгейде қалыптастыру. Бұл өз кезегінде тұрақты қауіпсіздік мәдениетін орнықтырады.
HOP ПРИНЦИПТЕРІН ЕНГІЗУ: АДАМ ФАКТОРЫ — ӨСУ НҮКТЕСІ
2019 жылдан бастап ТШО Human and Organizational Performance (HOP) қағидаларын енгізіп келеді. Бұл — адам мен ұйым арасындағы өзара әрекеттестікті бағалау арқылы өндірістік жүйенің тұрақтылығын арттыруды көздейтін тәсіл. Мұнда негізгі назар — қателіктердің алдын алу, оқиғалардан сабақ алу және күрделі жағдайларда жұмысты қауіпсіз орындау мүмкіндігін жасау.
PetroHSE-2025 конференциясындағы ТШО-ның белсенді қатысуы компаниядағы еңбек қауіпсіздігі жүйелерінің жоғары деңгейін және өндірістік қауіпсіздік саласындағы үздіксіз инновациялық ұмтылысты көрсетті. Ұсынылған шешімдер бүгінгі талаптарға сай болумен қатар, болашақтың қауіпсіздік стандарттарын қалыптастыруда — мұнда адам мен табиғат қауіпсіздігі сөзсіз басымдыққа ие.