Мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін көтеру, шешендік қабілеттерін, коммуникативтік, көшбасшылық, зияткерлік дағдыларын дамыту және логикалық ойлау жүйесін жетілдіру мақсатында аудандық жастар ресурстық орталығында "Мемлекеттік қызмет білімнен емес, мінезден" атты мемлекеттік қызметкерлер арасында ZOOM платформасында пікірсайыс ойыны өткізілді.
Сайыс барысында қатысушылардың тақырыптар бойынша дайындығы, фракцияластардың бірауыздылығы және өз позициясын қорғап білуі ескерілді. Ойын американдық парламенттік форматта өтті.
«Мемлекеттік қызметшілер пікірсайысқа алғаш қатысып тұрғандықтан, тәжірибелерінің жоқтығы байқалды. Бәлкім, шара оффлайн емес, онлайн болғасын ашылу қиын тиген шығар. Дегенмен алдағы пікірсайыстарда шыңдала түсетіндей потенциалдарының барлығы байқалады », - дейді ұйымдастырушылар.
Қорыта келгенде 3-орынды Замира Ділекеева мен Әсемгүл Күнбаеваның «Бәйгетөбе ауылдық округі әкімінің аппараты» командасы иемденсе, 2-орынды Аслан Нұрпейісов пен Данияр Тукешовтан құралған «Мақат кенті әкімінің аппараты» командасына бұйырды. Ал құрамында Нұргүл Құлжанова мен Гүлмира Айтекенова бар «Доссор кенті әкімінің аппараты» командасы 1-орынды қанжығаларына байлап, облыстық турнирге жолдама жеңіп алды. Барлық қатысушыларға дипломдар табысталды.
А.Жұмабекұлы