Мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптарды жоғарылату мақсатында - ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» (бұдан әрі – Әдеп кодексі) қабылданған болатын.
Әдеп кодексінің талаптарын сақтау – әр мемлекеттік қызметшінің қызметтік борышы болып табылады.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі - адал ниеттілікке, адалдыққа, әділдікке, ашықтыққа, сыпайылыққа және клиентке бағдарлануға, яғни шынайы көзқараспен, шыншыл шешім қабылдап, әуре-сарсаң салуға жол бермеу қағидаттарына негізділген.
Сонымен қатар, Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшінің моральдық-этикалық келбетіне қойылатын негізгі талаптар, қызметтен тыс уақыттағы және қызметтік қарым-қатынастағы, көпшілік алдында сөйлеу оның ішінде БАҚ-да сөйлеуімен байланысты мінез-құлық стандарттары айқындалған.
Осы тұста, мемлекеттік қызметкердің іскерлік киім үлгісі, сыртқы келбеті, мінез-құлқы, адамдармен қарым-қатынаста сөйлеу мәнері және қасиеттерінің барлығы мемлекеттік органның беделіне нұқсан келтірмей, сәйкесінше, қоғам тарапынан сын тудырмауы шарт.
Осыған орай, әрбір мемлекеттік қызметші Әдеп кодексінің талаптарын қатаң сақтауы қажеттігін әрдайым есте ұстауы қажет.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Атырау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі