Мектептегі буллингтің алдын алудағы тиімді құрал – KiVa бағдарламасы

Мектептегі буллингтің алдын алудағы тиімді құрал – KiVa бағдарламасы
(0 Votes)

Қазіргі таңда білім беру ұйымдары алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – мектеп ішіндегі буллингтің алдын алу және оған қарсы тиімді іс-шаралар ұйымдастыру. Осы бағытта Финляндияда әзірленген KiVa бағдарламасы өз нәтижелілігін дәлелдеген әлемдік тәжірибелердің бірі ретінде кеңінен танылып отыр.

KiVa бағдарламасы – Финляндияның Турку Университетінде Финляндия Білім және Мәдениет министрлігінің қолдауымен әзірленген ғылыми негізделген буллингке қарсы кешенді бағдарлама. Бұл бағдарлама әлемнің көптеген елдерінде табысты қолданыс тауып, мектеп оқушылары арасындағы қатынастарды жақсартуға, агрессия деңгейін төмендетуге бағытталған. Бағдарламаның негізгі бағыттары:

оқушыларға буллингтің зиянды салдарын түсіндіру және оны тоқтату жолдарын үйрету;

құрбан болған оқушыларды психологиялық қолдау және буллингке итермелейтін оқушылармен жүйелі жұмыс жүргізу;

мұғалімдер мен мектеп қызметкерлеріне буллингті ерте анықтау және алдын алу бойынша арнайы тренингтер ұйымдастыру;

ата-аналармен тығыз серіктестік орнатып, мәселені бірлесе шешуге тарту.

Біздің мектебімізде KiVa бағдарламасы бір оқу жылы көлемінде жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде мектеп қауымдастығы – әкімшілік, педагогтер, тәрбиешілер мен ата-аналар бірлесіп, ауқымды жұмыс атқарды.

Бағдарлама аясында мектепте арнайы KiVa командасы құрылды. Команда құрамына пән мұғалімдері мен жатақхана тәрбиешілері кіріп, арнайы оқытудан өтті. Команда мүшелері күн сайын кезекшілікке шығып, арнайы кеудешесін киіп, мектеп ішін аралап, оқушылармен ашық сөйлесіп, сенімді орта қалыптастыруға ықпал етті. Нәтижесінде оқушылар тарапынан көмек сұрау, ашық пікір айту, қиын жағдайды жасырып қалмау жиілей түсті. 

Оқушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сенім ортасы орнатылғаннан кейін, буллингке тап болған кейбір оқушылар команда мүшелеріне көмекке жүгіне бастады. Бұл жағдайларда бағдарламада ұсынылған нақты әрекет алгоритмі бойынша оқушыға жедел және жасырын көмек көрсетілді. Бұл тәсіл буллинг жағдайын ерте анықтап, тиімді әрі ыңғайлы жолмен шешуге мүмкіндік берді. 

Сабақ барысында оқушылар арасында түрлі тренингтер, рөлдік ойындар ұйымдастырылып, мейірімділік пен жауапкершілікке негізделген қарым-қатынас мәдениеті қалыптасты. Балалар өзара тәжірибе алмасып, бір-біріне қолдау білдірудің маңызын терең түсіне бастады.

Жалпы алғанда, KiVa бағдарламасының мектепке енгізілуі оқушылар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, буллинг фактілерін азайтуға үлкен әсерін тигізді. Бағдарлама аясында жасалған жұмыстардың оң нәтижелері бұл бастаманы одан әрі жалғастырып, кеңейту қажеттігін көрсетіп отыр.

Лаура ШАМШИЕВА,

  Атыраудағы NIS  педагог-психологы,  KiVa бағдарламасының аймақтық тренері Начало формы

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT