Мұнай-газ саласы – экологиялық тұрғыдан ең қауіпті салалардың бірі, өйткені мұнай кен орындарын игеру кезінде туындайтын экологиялық қауіп-қатерлер өте жоғары.
Көмірсутекті отынды өндіру әрдайым экологиялық тұрғыдан үлкен тәуекелдермен байланысты. Өкінішке қарай, өндіру, тасымалдау және сақтау кезінде орын алатын мұнайдың төгілуін ешбір компания толықтай болдырмауға қауқарсыз. Себебі, бұл – адам факторын, құрал-жабдықтардың жетілмегендігін және пайдалану жағдайларының қиындығын жоққа шығару мүмкін емес сала.
Мұнай мен мұнай өнімдерінің төгілуінің себептерінің бірі – мұнай өндіру платформаларында, мұнай құбырларында, мұнай өңдеу зауыттары мен сақтау станцияларында болатын апаттар. Мұндай апаттардың салдары өте ауыр, ал оларды жою үшін орасан зор қаржылық, уақыттық және адами ресурстар жұмсалады.
Ең қарапайым есеп бойынша мұнай төгілуінен кейінгі қалдықтардың жойылу жылдамдығы жылына 4% шамасында ғана, яғни 17 жылдан кейін оның небәрі 50%-ы ғана жойылады. Ал қоршаған ортаның толық қалпына келуі ондаған жылдарды талап етеді.
Апат салдарынан болған мұнай төгілімдерін жою процесі қысқаша ЛАРН (Мұнайдың апатты төгілуін жою) деп аталады. Бұл – мұнай мен мұнай өнімдерінің дақтары мен ағындарын топырақ пен су беттерінен тазартуға бағытталған іс-шаралар кешені.
Атырау қаласындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Айзере Андосова 2024 жылдың қараша айында Испанияның Барселона қаласында өткен халықаралық химия конференциясына өзінің ғылыми-зерттеу жұмысының теориялық бөлігімен қатысып, химия саласындағы білімімен ерекшеленіп, сәтті баяндама жасаған болатын.
Coalesce ғылыми-зерттеу тобы ұйымдастырған бұл конференцияға әлемнің 20-дан астам елінен танымал және білікті зерттеушілер, іскер делегаттар мен талантты студенттер қауымдастықтары қатысты. Осы кездесудің ең жарқын сәттерінің бірі – Андосова Айзере Серікқызының әсерлі баяндамасы болды.
Кейін Айзере Серікқызы өз зерттеу жұмысының практикалық бөлігіне кірісіп, Атырау мұнай және газ университетінің «Нефтехимия» зертханасында өз химия пәнінің мұғалімі Саид Асиф Аббас пен университет профессоры Сағынаев Аманжан Төремұратұлының жетекшілігімен жұмыс жүргізді.
Зертханада олар магнетиттің нанобөлшектерінен тұратын, керосин немесе Para-Oleum Fluid (POF) сияқты бейполярлы ортада ерітілген сіңіргіш дайындады. Бұл – мұнаймен ластанған топырақтар мен мұнай төгілу оқиғаларынан тазарту үшін қолданылатын жаңа магнитті нанотехнология.
POF мұнаймен араласқанда мұнай ішінде таралады, ал судың полярлығы өзгеше болғандықтан онымен араласпайды. Магниттің көмегімен көмірсутек пен агенттің қоспасы арнайы ұстағыштарға жиналады. POF су ортасымен араласпайтындықтан, ол экологияға зиян келтірмейді және егер мұнайдан магнетитті бөліп алса, оны қайта қолдануға болады.
Сонымен қатар, POF мұнаймен ластанған топырақты тазарту қабілетін көрсетті. Бұл зерттеу сәтті нәтиже беріп, ғылым мен экологиялық проблемаларды шешуге үлкен үлес қосты!
Жуырда керемет жаңалық келіп жетті – Андосова Айзере Серікқызы өзінің ғылыми-зерттеу жұмысын таныстыру үшін Австралияның Корольдік химиялық қоғамынан ресми шақырту алды.
Халықаралық конференцияларға қатысу – НИШ мектебінің білім сапасының жоғары екенін, оның оқушылары Қазақстан атынан әлемдік деңгейде танылып жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, Айзере өзінің жұмысын Румынияда өтетін конференцияда да таныстырады.
Бұл – бәріміз үшін үлкен мақтаныш! Айзереге сәттілік тілейміз!