Медбикелер – жұмысшы мамандықтардың алтын діңгегі

(0 Votes)

2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы болып жариялануы – еліміздің экономикасын алға сүйреп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлес қосып жүрген еңбек адамдарына деген үлкен құрметтің белгісі. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттырып, олардың беделін көтеруге бағытталған маңызды қадам.

 Қоғамның барлық саласында – өндірісте, медицинада, құрылыс пен ауыл шаруашылығында, қызмет көрсету саласында еңбек ететін жұмысшылардың үлесі зор. Олардың күнделікті еңбегі – елдің өркендеуіне, халықтың жайлы өмір сүруіне негіз болатыны сөзсіз.

Бұл бастама, ең алдымен, жас буынның назарын жұмысшы мамандықтарына аударып, олардың беделін көтеруге ықпал етеді. Кәсіби-техникалық білімнің дамуы, мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен еңбек нарығында сұранысқа ие жұмыс орындарын көбейту – осы жылдың негізгі мақсаттарының бірі.

Медбикелер де осы санатқа кіретін жандардың бірі. Олар – денсаулық сақтау саласының негізін құрап, күн сайын адам өмірі үшін күресетін, мейірім мен кәсібилікті қатар ұстайтын мамандар.

Сондықтан аталмыш жылдың жарияланғаны – біз сияқты мыңдаған маманға үлкен қолдау. Медбикелердің еңбегі кейде тасада қалып жатады, бірақ шын мәнінде, олардың жұмысынсыз медицина саласын елестету мүмкін емес. Біз – науқастың саулығын қадағалап, олардың тезірек сауығып кетуіне жағдай жасайтын негізгі мамандармыз. Медицинаның дамуы үшін дәрігерлер қаншалықты маңызды болса, медбикелердің де орны дәл сондай. Бұл бастама біздің мәртебемізді көтеріп, жас буынның осы мамандыққа қызығушылығын арттырады деп сенеміз.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында медбикелердің еңбегін ерекше атап өту – бұл салаға деген құрмет пен алғыс білдірудің бір жолы.

Бұл бастаманың аясында медбикелердің және өзге де жұмысшы мамандықтар еңбегін дәріптеп, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар жасалады деп үміттенеміз. Себебі денсаулық сақтау саласы медбикелерсіз толыққанды қызмет ете алмайды, ал олардың жанқиярлық еңбегі – әрбір адам үшін баға жетпес құндылық.

Назым ИДРИСОВА,

Исатай аудандық аурухана директорының мейіргер ісі жөніндегі орынбасары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT