Елімізде жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру – уақыт талабы. Президенттің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы – осы саладағы еңбектің еленуінің айғағы. Жастарды кәсіптік білім алуға, нақты кәсіп иесі болуға ынталандыру – болашақтың берік кепілі. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды меңгерген, ғылыммен ұштастыра білетін жаңа буын мамандар ауадай қажет.
Қазіргі заман – нақты іске, өнімді еңбекке сүйенетін кезең. Осы тұрғыдан алғанда жұмысшы мамандықтардың рөлі ерекше. Олар – ел экономикасының іргетасын қалайтын, халықтың күнделікті қажеттілігін қамтамасыз ететін жандар.
Ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін мамандардың орны да ерекше. Олар – егін егіп, мал бағып, жердің тілін табатын нағыз еңбек иелері. Дихандар таң ата егістік басында болса, малшылар таңның атысынан кештің батысына дейін тіршіліктің қамымен жүреді. Оларсыз ел ішін азық-түлікпен қамтамасыз ету, ішкі нарықты тұрақтандыру мүмкін емес. Ауыл еңбеккерлерінің маусымдық емес, жыл он екі ай тынымсыз еңбегі – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі.
Жұмысшы маман – тек қолымен емес, жүрегімен де еңбек ететін адам. Олар күннің ыстығына да, суығына да қарамай, белгіленген мерзімде ісін тиянақты орындауға тырысады. Сондықтан бұл мамандықтарды тек табыстың көзі емес, елге қызмет етудің, адал еңбек пен тұрақтылықтың символы деп қарау керек.
Қоғам алға жылжыса, оның артында тынымсыз еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандардың маңдай тері мен қажырлы еңбегі тұрады. Сондықтан олардың еңбегін қадірлеп, лайықты бағалау – әр азаматтың міндеті деп білемін. Ал ауыл еңбеккеріне деген құрмет – ел болашағына деген сенім.
Жолдас Избасаров,
Махамбет ауданы
зейнеткер