МӘМС туралы сұрақтар: covid-19 вакцинациясы, МРТ және жарналар туралы

(0 Votes)

Экстракорпоралдық ұрықтандыруға квотаны қалай алуға болады? Тұрғынның емханаға тіркелуіне неліктен бас тартады, пластикалық операциялар тегін жасала ма? «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалы азаматтардың  сұрақтарына жауап берді.

- COVID-19 вакцинасын алу үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған мәртебесі болу керек пе?

- Коронавирустық инфекцияға қарсы екпе алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылу мәртебесі талап етілмейді. Иммундық-биологиялық препараттарды сатып алу және COVID-19-ға қарсы вакцинация жүргізу республикалық және жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты бұл мақсаттарға жұмсалмайды.

Естеріңізге сала кетейік, вакцинация 18 жастан асқан адамдарға, қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда жүргізіледі. Келесі жерлерде вакцинация ала аласыздар:

* емханалар жанындағы егу кабинеттерінде;

* сауда орталықтарының, базарлардың, ірі кеңселердің аумағында ұйымдастырылған жылжымалы егу пункттерінде.

* арнайы контингенттің медициналық пункттерінде - тиісті ведомствоның қызмет орны бойынша жүзеге асырылады.

- Уақытша 2021 жылы ауруы бойынша мүгедектік алды. 2020 жылы МӘМС үшін жарна төленген жоқ. Менің мәртебем «Сақтандырылған» ма?

- Жеңілдікті мәртебе болған жағдайда пациент берешегінің бар-жоғына қарамастан МӘМС пакетіндегі қызметтерді пайдалана алады. Егер ол мүгедектіктен айырылса, МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу үшін, ол жеңілдік санатына жатқызылған кезеңнен басқа, төленбеген айлар үшін төлемдерді дербес төлеуші ретінде енгізу қажет болады.

- Жылына бір рет берілетін емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланып, басқа медициналық ұйымға тіркелуді шештім, бірақ маған бас тартылды. Бұл қаншалықты заңды?

- МСАК қызметтерін көрсететін медициналық ұйымға тіркелуден бас тартудың бірнеше себебі бар:

* дәйексіз құжаттар ұсынылды;

* жүгінген адамның осы денсаулық сақтау объектісі орналасқан ауыл, кент, қала және т.б. тыс жерде (тұрақты немесе уақытша) тұратыны анықталған жағдайда.

  • Шекара маңы аумақтарында тұратын және басқа әкімшілік-аумақтық бірлікте емхананы таңдауға құқығы бар тұлғалар ерекше жағдайлар болып табылады;
  • емханада барлық учаскелерде тіркелген халықтың рұқсат етілген ең көп саны асып кетті.

Егер жоғарыда аталған жағдайлардың ешқайсысы сізге қатысты болмаса, ыңғайлы байланыс арналарының бірі – 1406 байланыс орталығы, ӘМСҚ ресми сайты («Сұранысты жіберу» бөлімі), Telegram-дағы @SaqtandyryBot, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы жағдайды анықтау үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына хабарласыңыз.

- Маған пластикалық операция тағайындалды, оған кіру үшін бірнеше анализ тапсыру керек. Мұны тегін жасауға бола ма? Мәртебем «сақтандырылған».

- Бұл операцияның себебіне байланысты. Егер медициналық себептерге байланысты пластикалық хирургия болса, мысалы, реконструктивті сипатта - жарақаттан, күйіктен, туа біткен ақаудан кейін, барлық тағайындалған зерттеулер тегін қол жетімді болады. Егер операция эстетикалық сипатқа ие болса және оны жүргізу – тек сіздің шешіміңіз және таңдауыңыз болса, онда ол ТМККК шеңберіне немесе МӘМС жүйесіне кірмейді және оған дайындық ақылы түрде жүзеге асырылады.

 - ЭКҰ өтуге квота алғым келеді. Үміткерлерге қойылатын талаптар қандай?

– ЭКҰ жүргізу үшін негізгі көрсеткіш – ол терапевтік түзетуге келмейтін бедеулік. ЭКҰ рәсіміне отбасылық жұп және өз қарым-қатынастарын заңдастырмаған жұптар да бола алады. Соңғы жағдайда ерікті жазбаша өзара келісімнің болуы міндетті.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы азаматы болу және денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге сәйкес болу қажет – бұл репродуктивті жас (18-ден 42 жасқа дейін), қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебелер, жоғары фолликулярлық резерв. Сондай-ақ МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесінің болуы міндетті.

- Қандай жағдайларда мен МРТ-ны тегін ала аламын?

- Магнитті-резонанстық томография ТМККК шеңберінде де, МӘМС жүйесінде де тегін жүргізіледі. Бірінші жағдайда, ол әлеуметтік маңызды аурудың диагнозы қойылған және/немесе динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар, сондай-ақ туберкулезге және ЖҚТБ/АҚТҚ-ға күдік туындаған науқастарға тағайындалады.

МӘМС жүйесінде осы зерттеу диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес алдын ала диагноз болған кезде бастапқы диагностика мақсатында жүргізіледі. Созылмалы аурулардың өршуі кезінде де жүргізілуі мүмкін, бірақ ТМККК қаражаты есебінен қамтамасыз етілетін ауруларды қоспағанда (онкологиялық аурулармен, туберкулезбен, созылмалы гепатитпен ауыратын науқастар).

МӘМС жүйесінде осы зерттеуден өту үшін сақтандырылған мәртебесінің болуы маңызды екенін атап өткен жөн.

 - Жақында әскерден оралып, емханаға барып, менің мәртебем «сақтандырылмаған» екенін білдім. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қатысушысы болу үшін қандай кезең бойынша жарна төлеу керек?

- Ең алдымен қарыздың қандай айларда пайда болғанын тексеру керек: мұны Телеграмдағы @SaqtandyryBot немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы жасауға болады. Егер жарналар әскери міндетті атқарған кезең үшін төленбесе, онда мәселені шешу үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіну қажет. Егер берешек қызметке дейін немесе одан кейін пайда болса, онда МӘМС пакетінде медициналық көмек алу үшін оны өзіңізге ыңғайлы тәсілмен өтеу қажет. Сіздің жағдайыңызда әр ай үшін 2125 теңге мөлшерінде дербес төлеуші ретінде жарналарды төлеуге болады.

 - БЖТ-ны бірнеше ай бұрын төлеуге бола ма?

- МӘМС жүйесіне қатысу үшін БЖТ төлемін кемінде үш ай қатарынан жүргізу қажет. Мәртебе қаражат аударылған күннен бастап айдың соңына дейін беріледі. Егер адамның мүмкіндігі мен қалауы болса, ол БЖТ-ны алдын-ала төлей алады. Ай сайынғы төлем сомасы 1 АЕК – қалада тұратын жеке тұлғалар үшін, 0,5 АЕК – басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін.

 «Сақтандырылған» мәртебесі болмаған жағдайда адам тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне құқығы бар екенін айта кету керек, Қолжетімді қызметтер тізімімен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Fms.kz. сайтында танысуға болады

 

- Менде жүктіліктің 28 аптасы. Жүктілік және босану бойынша еңбекке уақытша жарамсыздық парағын және анықтамасын кімнен және қашан алуға болады?

- Жүктілік және босану бойынша еңбекке жарамсыздық парағын акушер-гинеколог береді, егер медициналық ұйымда ол болмаса, онда құжатты қабылдау жүргізетін дәрігер бөлімше меңгерушісімен бірге ресімдейді.

Еңбекке жарамсыздық парағы жүктіліктің 30 аптасынан бастап 126 күнтізбелік күнге дейін ашылады: босанудан 70 күн бұрын және 56 кейін. Ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратын әйелдерге құжат 27 аптадан бастап 170 күнге: босанғанға дейін 91 күн және одан кейін 79 күн мерзімге беріледі.

Қиын босанған, екі және одан да көп бала туған кезде еңбекке жарамсыздық парағы 14 күнге ұзартылады. Босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі демалыстардың жалпы ұзақтығы-140 күн.

- Мен екінші типті қант диабетімен есепте тұрмын, гипотериоз және гипертония дамыды. ТМККК аясында күндізгі стационарда емделгім келді. Бұл менің сақтандырылмағанымды ескере отырып мүмкін бе?

- Қант диабеті әлеуметтік маңызды аурулар тізбесіне кіреді. Оның диагностикасы мен емі, оның ішінде стационарлық жағдайда емдеу, ТМККК шеңберінде тегін көрсетіледі, сақтандырылу мәртебесі қажет емес. Егер сіздің учаскелік дәрігеріңіз немесе сізді қараған  бейінді маман ауруханаға жатқызу қажеттілігін растаса, қызмет ақысыз көрсетіледі.

Гипертония және гипотиреоз сияқты қатар жүретін диагноздар анықталған кезде, пациент ТМККК шеңберінде динамикалық бақылауға алынуға жатады. Ол амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Күндізгі стационарға емдеуге жатқызуға көрсетілімдер болған жағдайда, медициналық көмек ТМККК-ге көрсетілетін болады.

Әлеуметтік мәні бар аурулардың толық тізбесі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 23 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-108/2020 бұйрығында жарияланған.

 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ

Атырау облысы бойынша филиалы

Телефондар: 87122/556084, 8/7122/ 55 60 92.

Байланыс орталығы – 1406

Сурет: ашық дереккөз

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT