МАМАНДЫҚҚА ДАЙЫНДАУ – МАҢЫЗДЫ ІС

МАМАНДЫҚҚА ДАЙЫНДАУ – МАҢЫЗДЫ ІС
(0 Votes)

Мынау әлемде түрлі мамандық бар десек те, олардың бірі заман ағынымен дамып жатса, енді бірі уақыт өте келе назардан тыс қалып, қажеттілігі болмағандықтан жойылу үстінде. Мұны қазіргі ақпараттар ағыны мол уақытта бәріміз көріп-біліп отырмыз. Мамандар бұл бағытта болашақта жойылуы ықтимал не қажеттіліктен қалатындарының тізімін де жасақтап, кейбір жаңадан пайда болып, салмағы арта бастаған мамандықтар жайлы да құлағдар қылып жатады. Шүкір, мамандық дегеніңіз жетіп артылады әзірге, тек соған сай мамандарымыз болса деңіз... 

Осыдан кейін «осы бізде жұмысшы мамандар жеткілікті ме?» деген сауалдың құлағы қылтиятыны бар. Шындығында да, оның жайы қалай болуда? Бұл тұрғыда елдік деңгейде атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Ол өз алдына ғой, ал ертең сол шаруалардың нәтижесі көрінетін бір тұс - жергілікті жерлердегі жағдай қазіргі уақытта қалай қалыптасып жатыр? 

Исатай аудандық Мансап орталығы деректеріне қарағанда, аталған орталық ресми тіркелген жұмыссыз азаматтарға арналған «Әлеуметтік қолдау шаралары» аясында бірнеше мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда. Олардың қатарында «Қоғамдық жұмыс», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Күміс жас» жобасы, «Жастар тәжірибесі», «Жұмыс берушілердің өтінімі бойынша оқыту», «Бастау-Бизнес» жобасы және «Мемлекеттік грант» бағдарламасы жұмыс жасап жатыр. Бұл бағдарламалар белгілі бір санаттағы азаматтарға арналған және жұмыссыздықты азайтуға бағытталуымен ерекше. Әрине, олардың әрбірінің мақсаты әр басқа. Мысалы, «Қоғамдық жұмыс» – жұмыссыз жастарға уақытша табыс табуға мүмкіндік береді. «Күміс жас» - зейнеталды жастағы жұмыссыз азаматтардың жұмысқа орналастырылуын көздейді. «Жастар тәжірибесі» - өз мамандығы бойынша алғашқы еңбек өтілін жинауға және тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарлама. 

Мансап орталығының басшысы Б.Сапарғожиеваның айтуынша, атаулы жыл аясында ауданымызда жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығына тарту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынуда. Жыл басында аудандық дербес бөлімдер мен аудандық прокуратураның қатысуымен «Ашық есік күні» өткізілді. Бұл іс-шара барысында жұмыссыздарға мемлекеттік бағдарламалар, қайта даярлау курстары мен бос жұмыс орындары туралы ақпараттар берілді. Алдағы уақытта ауылдық округтерде жылжымалы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу, «Ашық есік күндерін» ұйымдастыру және жылжымалы мобильді қызметтер көрсету жоспарлануда. Сонымен қатар, бұл іс-шараларға жұмыссыздармен бірге мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен пробация есебінде тұрған адамдар да тартылып, олардың тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасау көзделген. 

Жұмысшы мамандықтарына сұранысты арттыру мақсатында Skills.enbek.kz платформасы  арқылы онлайн оқыту ұйымдастырылуда. Бұл жоба аясында жұмыссыз азаматтар Мансап орталығына бармай-ақ, қашықтан кассир, сатушы, мектепке дейінгі балалар тәрбиесі маманы, қазандық қондырғыларының операторы және де басқа мамандықтар бойынша білім алып, сертификат иелене алады. Бұл олардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыра түспекші. 
Қазақ «болмасын деген оңбасын» демей ме? Осы тұрғыда жергілікті жерде де қолға алынып, қозғау салынған бастамалардың бәрінің баянды болуын қалайсың.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT