Мақаттық стюардесса әуедегі қызықтармен бөлісті

(0 Votes)

«Үлкен адам болу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға», - деген екен Мұхтар Шаханов. Адам баласы әсіресе жас күнінде қиялға берілгіш, арманшыл келеді. Олардың орындалатыны бар, орындалмайтыны бар. Бірақ арманды – мақсатқа, мақсатты – жоспарға, жоспарды – шындыққа айналдыру әр пенденің маңдайындағы бағы мен жасайтын нақты қадамдарына байланысты. Көлік қызметкерлерінің төл мерекесі тұсында «Мақат маңайынан...» айдарымыздың кезекті кейіпкері арманы адастырмай екінің бірі қолы жете бермейтін мамандықтың иесі атанып, бүгінгі күні стюардесса болып жүрген жерлесіміз - Айдана Тілеужанова.

Қиялы биікке жетелеген қыз 1997 жылдың 27 тамызында Доссор кентінде қарапайым отбасында дүние есігін ашқан. Әкесі Амангелді электрик болса, анасы Гүлжамал балабақшада тәрбиеші болып еңбек етеді. Өзінің алдындағы екі ағасы мен апасынан кейінгі үйінің кенжесі. 2004 жылы О.Сарғұнанов атындағы орта мектебінің табалдырығын аттаған Айдана 2013 жылы 9 сыныпты бітірген аттестатымен колледжге түсуге бел буады. Сөйтіп, С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің студенті атанады. 2016 жылы аталған оқу орнын «қаржы» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін білімін Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетінің сырттай оқу бөлімінде жалғастырады. Осылайша қашықтықтан тәлім алғанның арқасында білім мен еңбекті ұштастыру арқылы 2016 жылы «Еуразия» банкіне жұмысқа тұрады. Ол жерде екі жыл қызмет жасағаннан кейін Теңіз кен орнына ауысады.

«Ауысымдық әдіспен жұмыс жасаған өзіме ұнайтын. Бір жағынан қасымда туған апам болғасын да шығар. Алайда ол жерде 3 жыл еңбек еткеннен соң «неге өзімді жаңа қырымнан көріп, өміріме өзгерістер әкелмеске» деген ойлар келді. Теңіз кен орнында қызмет қылып жүргенімде стюардесса болсам ғой деп жиі армандайтынмын. Себебі өзім «Air Astana» компаниясының лайнерлерімен жиі ұшатын болғандықтан бортсеріктердің киім үлгісіне, жүріс-тұрысына қатты қызықтым», - дейді өткен шақты еске алған ару.

«Әр нәрсенің бір қайыры бар» дегендей, Айдананың ауысымдық жұмыстан әуе саласына ауысуына карантин себеп болды. Кезекті жұмыс ауысымына аттанар алдында қонақ үйдегі 10 күндік оқшаулауда жатырған ол Instagram әлеуметтік желісінен «FlyArystan» компаниясына іріктеу болып жатырғанын көреді. Сол мезетте тіпті, кері жауап болады-ау деген ойсыз түйіндеме дайындап жібере салады. Компанияның жұмысқа алу процедурасы туралы тоқтала кеткен ол:

«Маған екі апта өткеннен соң хабарласып қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әңгімелесу өткізді. Ал екінші кезеңге аяқтай бардым. Кейін алдыңғы этаптардан да қиыны – медкомиссиядан өтіп, оқуға жіберілдім»,- дейді.

26581273-5e6c-4bb7-8412-81981634be60

ff1af8f0-7c98-4c6e-b3ca-2d415204218b

Бортсеріктердің негізгі міндеті әуе лайнеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сонымен қатар жолаушыларға қызмет қылу және қажет болған жағдайда медициналық көмек көрсету. Бұл қызметте жүргеніне бір жыл ғана болған Айдана аға бортсерік болуға дайындалып жүрген көрінеді. Жауапкершіліктен қашпайтын жерлесіміз алдынан кездесуі мүмкін сындарға толықтай дайын. Айдана өзін әлі кем дегенде 5 жыл осы компанияда көреді. Әрі қарай дами түсіп, жоғарылай бергісі келеді. Себебі бұл жұмыс ерекше кестесімен, әуе билеттеріне деген жеңілдіктерімен және саяхаттарымен қызықтырады.

«Рейс кезінде қызық жағдайлардан гөрі жолаушыны құтқару керек болатын жағдайлар көп кездеседі. Мысалы, жұмысқа шыққаныма төртінші күн дегенде бір жолаушы ес-түссіз жатып қалды. Барлығы дәрігер іздеп сабылып кетті, мен де қорыққаннан не істерімде білмей қалдым. Негізінде бортсеріктің өзі алғашқы медициналық көмек көрсете беруі керек. Кейін ол қателігімді қайталаған жоқпын. Замандастарыма айтарым, ойлағаным іске аспай қала ма деп емес, ештеңе істемей қалудан қорқу қажет. Бортсеріктің жұмысының да әртүрлі машақаты көп. Өзім жарты жыл дегенде үйреністім десем болады. Бірақ тәуекел етіп нәтижесін көргенде барлық қиындық ұмытылады», - дейді бір жылдың ішінде жұмыс бабымен Қазақстанның қалаларынан бөлек Стамбул, Дубай, Кутаиси, Анталья, Шарм-эш Шейх қалаларында болып үлгерген қыз.

8f31b34e-9ba2-46ea-9b5a-f7e3bd89c1a4

03a39eb2-205a-4266-93d1-6349aabffe05

Кейіпкеріміздің бала күнінен бергі тағы бір қызығушылығы – бишілік. Мектеп пен колледжде оқығанда би сайыстарын жібермей қатысқан ол студент және жұмысшы кезінде облысымызға танымал «Шолпан - ай» ән – би тобының құрамында 6 жыл өнер көрсеткенін біреу білсе, біреу білмейді.

Түсінгеніміздей, қазақ, орыс тілдерімен қатар ағылшын тілін орта деңгейде білетін, қызмет көрсету саласында тәжірибесі бар, бойы 170 см-ден төмен емес ерлер мен 165 см-ден төмен емес қыздар үшін бортсерік болудың мүмкіндігі зор. Мақсатқа жетем деген адамға ауылда тұру, алғашқы мамандық сай келмеуі кедергі емес. Айдана Амангелдіқызы осы сөздеріміздің дәлелі. Ал біздің міндет ауданымыздың топырағынан түлеп, шалғайда жүрген жерлестерімізді жалпақ жұртқа таныстыру.

А.ЕСЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521