Аптаның алғашқы күнінде аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында жиын өтіп, онда аудан әкімінің 2022 жылғы 4 тамызындағы №163 өкімімен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы болып тағайындалған Исполов Нұрлан Теңелбайұлы таныстырылды.
–Жаңа қызметіңізде абыройлы еңбек атқарады деп сенім артамыз. Әсіресе, бұқаралық спорттың кең қанат жаюына баса назар аударып, мәдени шараларға да жоғары мән беру керек, - деді аудан әкімі Ринат Хисаұлы.
Өз кезегінде Нұрлан Теңелбайұлы да ауданымыздың мәдениеті мен спортын дамыту жолында аянбай тер төгетіндігін айтып, сенімді ақтауға уәде етті.
Соңғы үш айда осы лауазымды уақытша атқарушы болып келген ол 1988 жылы Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз селосында дүниеге келген.
2005-2009 жылдары Ақтөбек политехникалық колледжінде «техник-бағдарламашы», 2010-2013 жылдары Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «ақпараттық жүйелер», 2015-2017 жылдары Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алған.
2010-2011 жылдары «Ақпараттық технологиялар орталығының» Мақат ауданы бойынша өкілі, 2015-2018 жылдары Мақат аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінде әдіскер, 2017-2018 жылдары «Интегро» кешенді ақпараттық ЖШС-нің Мақат ауданындағы өкілі, IT маманы ретінде еңбек еткен жаңа басшы 2018 жылдан күні бүгінге дейін осы бөлімде бас маман лауазымын атқарып келді.
Джиу-джитсу, әскери самбо және футзалдан облыс, Республика деңгейінде бірнеше жетістіктерге ие.
А.Есжан