Өңірде «Әділдікті талап ет!» республикалық акциясы басталды

(0 Votes)

«Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігі және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі бірлесіп, биыл 15 тамызда республика бойынша «Әділдікті талап ет!» атты ауқымды акциясын бастады. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Атырау облысы бойынша департаменті Превенция басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Ғибат Кукатов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

- Қоғамда сыбайлас жемқорлық деңгейін толыққанды төмендету мақсатында Агенттік сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын жасақтады. Картаға әр облыс халқының әл-ауқатын жақсартуда және бизнесті жүргізуде басты рөл атқаратын салалар енгізілді. Біз әр түрлі салада мониторинг жұмыстарын жүргізіп, тиісті проблемаларды шешу жолдарын қолға аламыз. Проблемалық мәселелерді жою үшін бізге қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің бізбен бірге белсене ат салысуы қажет болып отыр, деді Ғ.Кукатов.

Сонымен қатар, республикалық акция жөнінде толық баяндап өткен «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облысы бойынша филиалының сарапшысы Арман Абсиметов акцияның мақсаты мен оған қатысу жолын түсіндірді.

- «Әділдікті талап ет!» акциясының мақсаты – қоғам арасында жемқорлыққа жол бермейтін орта қалыптастырып, бұл үрдіске ел азаматтарын барынша жұмылдыру. Аталмыш іс-шара жемқорлықтың болуы немесе орын алуы мүмкін деген, қоғамды алаңдататын мәселелердің кең ауқымын кезең-кезеңімен қамтитын болады. Бірінші кезеңде автожол саласындағы мәселелерге тоқталып, жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау барысындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтауға назар аударылады. Акцияға ҚР-нің кез-келген азаматы қатыса алады, деді А.Абсиметов.

Оның айтуынша, азаматтар науқанға Adildik.kz веб-сайты арқылы қосылып, 1463 Call center бойынша Қазақстан автожолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы ақпаратты хабарлай алады. Келіп түскен барлық ақпарат қалың жұртшылықты жұмылдыра отыра, жергілікті және республикалық «Әділдік кеңесі» атты Кеңестерінде талқыланады.
Науқанның қорытындысы, сонымен қатар бірлестік қызметінің нәтижесі осы жылдың соңында өтетін жемқорлыққа қарсы форумда жарияланып, науқанға белсенді қатысқан азаматтар «Әділдік жауынгері» мәртебесіне ие болады.
Айта кетейік, «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігі еліміз бойынша жыл басынан бері 22 мыңнан астам азаматқа заңгерлік кеңес беріп, мемлекеттік сатып алулар мониторингі аясында 1000-ға жуық бағаны көтеру фактілері мен 20 млрд теңге соманы құрайтын заң бұзушылықтарды анықтаған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521