Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өту – біздің халқымыз үшін ерекше мәнге ие. Бұл – жауынгерлік рухтың, қайсарлық пен табандылықтың, бейбіт өмір үшін жанын қиған батырларымыздың ұлы ерлігін еске алу күні. Қазақстандық жауынгерлердің майдандағы ерлігі мен тылдағы азаматтардың ерен еңбегі жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты. Біз, әскери қызметшілер, сол даңқты жолды жалғастырып, Отан алдындағы борышымызды абыроймен атқаруға ант етеміз.
Мемлекет бұл атаулы күнді лайықты атап өтіп, ардагерлерімізге құрмет көрсетіп келеді. Астанада өтетін әскери шеру – өткен ұрпақтың ерлігіне тағзым және бүгінгі бейбіт өмірдің қорғаны болып отырған Қарулы Күштеріміздің қуатын көрсету. Бүгінгі жауынгерлер – сол жеңіс жолында шейіт болған бабалардың аманатын арқалаған сарбаздар.
Ұлы Жеңіс – біз үшін тек өткен тарих емес, ол – ерлік пен бірліктің мәңгілік символы. Біз ардагерлеріміздің даңқты жолын ұмытпай, олардың ерлігін болашақ ұрпаққа үлгі етуге міндеттіміз. Қазақстан әскері – бейбітшілікті сақтаушы күш. Біз еліміздің тыныштығын қорғап, ұрпақ сабақтастығын жалғастыруды қасиетті парызымыз деп білеміз. Өйткені ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран!
Имангелді АМАНГЕЛДИЕВ,
5546 әскери бөлімі рота командирінің орынбасары, лейтенант