Инфрақұрылымдық жоба аудан орталығы мен Жангелдин, Жасқайрат, Көздіғара, Тасшағыл, Жамбыл, Қарабау ауылдық округтері және көршілес Индер ауданы арасындағы көлік қатынасын қалпына келтіруге мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы Атырау облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының м.а. Ержан Хайноллаев мәлім етті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
– 2024 жылғы көктемде орын алған су тасқыны салдарынан аудан орталығы мен бірнеше ауылдық округ арасындағы жолдың бір бөлігі шайылып, көлік қатынасы уақытша тоқтаған болатын. Осы кезеңде тұрғындар аудан орталығы мен ауылдар арасында тек айналма жолдар арқылы қатынас жасап келді. Алайда бұл мәселе толығымен шешімін тауып, бүгінде аудан халқы жаңа көпірдің қызығын көріп отыр, – деді Е.Хайноллаев.
Ал мердігер мекеме президенті Әділбек Нұрлығожиевтың айтуынша, көпірге мініп-түсетін жол учаскелерін қоса есептегендегі жалпы ұзындық 580 метрді құрайды. Оның айтуынша, құрылыс барысында барлық қажетті стандарт пен техникалық талаптар толық сақталған.
- Үш аралықты жаңа көпірдің ұзындығы 54 метрді құрайды. Құрылыс барысында заманауи асфальт жабындысы төселіп, көпір толық жарықтандырылды. Сонымен қатар жол қозғалысын реттейтін арнайы белгілер орнатылып, сызба жолақтар жүргізілді. Жаяу жүргіншілерге арналған өткел мен су өткізу арналары да қарастырылып, қауіпсіздік талаптары толық сақталған,- деді “Атырауинжстрой” ЖШС президенті Ә.Нұрлығожиев.
Көпір құрылысы 2024 жылдың шілде айында басталған болатын. Жобаны жүзеге асырған мердігер мекеме – «Атырауинжстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазіргі таңда нысан толықтай пайдалануға беріліп, аудан халқының игілігіне қызмет ете бастады.