Атырауда «Өрле» жобасы аяқталды. Ол арқылы әлеуметтік осал топ өкілдері қолөнер немесе бау-бақша өсіру негіздеріне оқытылып, жеке шағын бизнес жүргізуге берілетін грантқа үміткер бола алды. Осындай мүмкіндікке Доссор кентінің көпбалалы отбасы – Олег пен Татьяна Череватенколар жанұясы ие болып, қайтарымсыз грант ұтып алды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бірақ, бұл грантқа қол жеткізу оңай емес. Ол үшін ұсынылып отырған бизнес-жоба басқаларынан оқ бойы озып үздік деп танылуы шарт.
Доссордың сорына қияр да өседі
Біз әңгімелеп отырған отбасы жылыжайда қияр өсіруді қолға алған екен.
«Бұрын ата-анамызбен тұрған кезде үлкен бақшамыз болды. Анамыз көкөніс өсірудің небір құпияларын үйреткен болатын. Оларды зиянкестерден қалай қорғау қажеттігін де айтып отыратын. Кейін осының бәрі отбасын құрған шақта кәдеге асып жатқан жайы бар. 2023 жылы біз жылыжайда қияр өсіруге бел будық. Айналдырған екі айдың ішінде қиярымыз өсіп, әр үш-төрт күн сайын өнім бере бастады. Бірақ, біз өсіріп жатқан қиярлар маусымдық болғандықтан, оларға жылу керек болды. Осы орайда, әкімдіктен көмек сұрадық» дейді отағасы Олег.
Жасыратыны жоқ, жұрт Мақатта ештеңе өспейді деп ойлайды. Алайда, кейіпкеріміз бұл пікірмен келіспейді.
«Рас, біздің ауданда ағаштардың белгілі бір түрлері ғана жақсы өсуі мүмкін. Ал, бір жылдық көкөністерді оп-оңай өсіруге болады. Оның үстіне, жылыжай кәсібі мүлде қиындық келтірмейді. Соған қарамастан, Мақат пен Доссор кенттеріне қияр мен қызанақ облыс орталығынан әкелініп жатыр. Жолға кететін шығынды ескерсек, олардың бағасы аспандап кетеді. Есесіне, біздің өнім анағұрлым арзанға шығады» дейді ол.
«Өрле» жобасы шеңберінде өтетін тренингтерде қатысушылар бақша өсірудің негіздерін үйренді. Атап айтсақ, қандай агротехника қолданған дұрыс, көкөністі қалай өсіру керек, зиянды жәндіктерден қалай қорғануға болады – осының бәрін білікті мамандар айтып береді. Сондай-ақ, бизнес-жоспар құрудың жолдарын да біліп алуға болады.
Мол мүмкіндіктер алаңы
Доссор кентіндегі «Череватенко» жеке кәсіпкерлігінің иесі Татьяна Череватенконың сөзінше, «Өрле» жобасы көптеген азаматтарға өздерінің сүйікті істерімен айналысуына жол ашып, жаңа мүмкінідктер ұсынып отыр.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ауылшаруашылық қызметкерлерінің бірінші форумында халықтың ең басты құндылығы – еңбекқорлығы мен жауапкершілігі деп айрықша атап өткен болатын, - дейді ол.
– Мен бұған жақында жеке кәсібімді кеңейтуге грант алған кезде анық көз жеткіздім. Жылыжайда қияр өсіру – біздің отбасылық бизнесіміз. Жанұя болғанымызға да 16 жыл толған екен. Сол уақыт ішінде осындай кәсіп ашуды армандап келдік. Бүгінде арманымыз алдамай, алғашқы өнімдерімізді де алып жатырмыз. Ортақ іске екі жасөспірім ұлымыз да қолдарынан келгенше атсалысып еңбек етіп жүр. Мойындаймын, басқа аудандармен салыстырғанда Мақатта егін шаруашылығын дамыту біраз еңбектенуді талап етеді. Бірақ, «талпынған жетер мұратқа» демекші, бұл да қолдан келетін іс. Мұны өз басымнан өткерген адам ретінде ашық айтып отырмын. Біздің бизнесте бір ғана қиындық кездесті, бұл – суару жүйесінің болмауы. Тіршілік нәрін алыстан арбалауға тура келді. Сөйтіп, алғашқы карнишондарымыз да дайын болып, енді оларды сатудың амалдарын іздедік. Алғашқыда дүкен иелері сатып алуға құлшыныс таныта қоймады. Олар қиярымызға сенімсіздікпен қарады. «Дәмі ащы емес пе?», «Іші қуыс болып шықпай ма?» деген сұрақтар жиі қойылды. Бірақ, бізге «сарафандық» радио көмекке келді. Яғни, «тегін жарнаманы» біздің өнімді жеп көрген жандардың өздері жасады. Ал, күз мезгілінің басында жұрттың бәрі көкөністер мен жеміс-жидектерді консервілеуге көшкенде біздің қиярымызға сұраныс еселеп артты! Болашақта тағы бір жылыжай салып, кәсібімізді кеңейткіміз келеді. Нақтырақ айтсам, алда қызанақ пен бұрыш өсіруді жоспарлап отырмыз. Осылайша, Доссор тұрғындарын отандық сапалы өніммен қамтуды үзбейтін боламыз.
Жобаға 18 жастан асқан әлеуметтік осал топтағы (көпбалалы отбасылар, балаларын жалғыз тәрбиелейтін ата-аналар, мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелейтін ата-аналар, репатрианттар /қандастар/, сондай-ақ, табысы төмен азаматтар) жастар, әйелдер мен ерлер қатысты. – Мемлекет басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығын дамыту – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта жүзеге асырылған «Өрле» жобасы соңғы үш жыл ішінде Атырау облысында 22 тұрғынға қолдау көрсетіп, жылыжайда өсімдік өсірудің негізгі әдістерін үйретті. Жоба нәтижесінде ауыл шаруашылығына жарамсыз деп саналатын Мақат ауданында да тұрғындар өз аулаларында қияр мен құлпынай өсіруді жолға қойып, жеке тұтынумен қатар табыс табуға мүмкіндік алды. Мұндай бастамалар шалғай ауылдар үшін аса маңызды. Мәселен, егіншілікке қолайлы өңір саналатын Махамбет ауданында аталмыш жобаның нәтижесінде шаруашылықтар саны артты. Қазіргі таңда бұл шаруашылықтар жергілікті тұрғындарды экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуде, - дейді Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастар басқармасы Егін шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Азат Капанов.
Былтыр Атырау облысы Мақат және Махамбет аудандарының жылыжай салуға қаржылай қолдауға иеленген жеті тұрғыны қазір егу жұмыстарын жүргізуде. Жоғарыда аталған аудандардың 22 тұрғынына 2022-2024жж ауыл шаруашылығы саласында жеке іс жүргізу мақсатында «Өрле» жобасы шеңберінде 47 млн теңгеден астам бөлінді. Нәтижесінде, жергілікті шаруалар табысын орта есеппен 27%-ға арттыра алды.
«Жұмыстан қысқарып, жеміс өсірдім»
Мақаттық тағы бір кәсіпкер Айсұлу Күлімжанова көкөніс пен жеміс-жидек өсірумен ширек ғасырдан бері айналысып келеді екен. Ол бұл саланы бес саусағындай біледі. Кейінгілерге айтар ақыл-кеңесі де аз емес. «Осыдан біраз жыл бұрын мен жұмыстан қысқарып қалған едім. Сол кезде «енді не істеймін?» деген сұрақ туындады. Ата-анам өмір бойы егін өсіріп, соның жемісін көрген болатын. Сондықтан да болар, мен де сол шаруаны қолға алдым. Бүгінде екі жылыжайды іске қосып, тыным таппастан еңбек етіп жатырмын. Оның біріншісі жыл бойы үздіксіз жұмыс жасайды. Ал, екіншісі тек маусымдық кезеңге арналған. Мақаттың топырағы құнарсыз деген – қате пікір. Мен олай ойламаймын. Керісінше, бәрі де адамның ішкі ниетіне байланысты. Нақ осы жерден өнім алуға бекінген жан ақыры өз дегеніне жетпей қоймайды. Тек аянбай адал еңбек ете білу керек. Сонда ғана мақсатқа қол жеткізуге болады» дейді кейіпкеріміз.
Р.S. Иә, біз тілдескен жандардың қай-қайсысы да өз шындығын айтып отыр. Ендеше, «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық нақылы жергілікті жастарға терең ой салар деген үміттеміз.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ