«Тазалық – табалдырықтан басталады» дегенді сана түйсігімен қабылдаған көптеген Құрманғазылықтар ерікті түрде күзгі сенбілікке шықты. Шара жалпыхалықтық «таза қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылды. Сенбілік ауылдар мен аудан орталығының сәулеті мен сәнін арттырып, тазалығы мен тәртібін түзеуге көп көмегін тигізеді. Оның қоғамның назарын көшелердің, көпшілік орындардың тазалығын сақтауға, санитарлық жағдайды жақсартуға аудартып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызы өте зор.
Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Тазалық жанашырлары аз уақыттың ішінде айналаны тап-тұйнақтай етіп, ауыл келбетінің келісті болуы, тынысының кеңеюі үшін тер төкті. Сенбілікте жүргізілген тазалық жұмыстарына мемлекеттік қызметкерлер мен мекеме, ұжым мүшелері өздеріне бөлінген аумақтарда, демалыс саябақтарында, өзен жағалауларында, көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді. Сондай-ақ, тазалық жанашырлары әлеуметтік нысандардың айналасын жиналған қоқыс қалдықтарынан, қураған терек пен шөптен тазартып, ортақ мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосты. Әрбір адам айналасының тазалығына, әдемілігіне жауапты. Әрқайсымыз сенбілікке үлкен мән беріп, жалпы істен шет қалмай өз аулаларымызды жинастырудан бөлек көше бойында да күзгі тазалық жұмыстарын жүргізуі қажет. Талдан түскен жапырақтарды жинап, аула қоршауларын жөндеп, сырлап көрік беріп отырғандары абзал. Алайда ондай саналы тұрғын әлі де саусақпен санарлықтай ғана. Сенбілікке шыққандар мен ақылы қызметке тартылғандар жинап береді деген тоғышарлық әдет сүйегімізге әбден сіңіп кеткендей. Сондықтан айыр-күрегін, сыпыртқы-тырмасын алып көше тазалап жүргендердің қатарына қосылып, сенбілікке белсене атсылыса қоймауымыздың түп-төркіні осында жатыр-ау шамасы. Қашан ғана санамыз өзгегер екен де ойланасың кейде?!
Өткен сенбіде ауданның барлық округтерінде тазалық жұмыстары жүргізілді. Құрманғазы ауылдық округінде аудан және ауылдық әкімі аппараты қызметкерлері, білім беру мен мектепке дейінгі мекемелер, денсаулық сақтау, мәдениет ұжымдарының қызметшілері , ақылы қоғамдық қызметтегілер белсене қатысты. Бірі мекеме ғимараттарының іші- сыртын тазалыққа келтірсе, қалғандары «Қайролла терегі» сияқты адамдар көп жиналыс орнының, жаға бойының күл-қоқысын жиыстырды. Сенбілікке 14 мекемеден 114 адам қатысып ауыл тазалығына атсалысты. Жинақталған 8 тонна тұрмыстық қалдық үш техникамен арнайы қоқыс полигонына жеткізілді. Еңбекші ауылдық округіндегі сенбілікке төрт мекеменің 130-ға тарта қызеткері бір техникамен ауылдың қоқыс полигоны орналасқан «Қосарал» учаскесінде тазалық жұмыстарын жүргізді. Орлылықтар көше мен мекемелер айналасы тазалығынан өзге ауылға сән беріп тұрған саябақты көшеттермен толықтырды. Қалған округтерде де осындай жұмыстар жүргізілді.
Жалпы туған өлкеміздің тазалығы үшін өткізілетін жалпыхалықтық сенбілік тек ат төбеліндей мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің қатысымен шектеліп қалмай, аты айтып тұрғандай халықтық сипат алып, көпшіліктің бір кісідей атсалысқаны абзал. Сондықтан әрбіріміз тазалық жұмыстарын жүргізіп, айналамыздың ажарлана түсуіне үлес қосуымыз қажет.
Айбек НӘЖІМОВ