Күдіктен үміт басым немесе бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек...

(0 Votes)

Ертең, яғни, 5 қараша күні республика бойынша аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтеді. Осы орайда, белгілі саясаттанушы, әрі сарапшы Ғазиз ӘБІШЕВ еліміздің үш қаласы мен 42 ауданында пилоттық режимде өтетін саяси додаға қатысты бірқатар сауалдарға жауап берген еді...

 – АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА ИСАТАЙ ЖӘНЕ ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНДАРЫНЫҢ ӘКІМДЕРІ АЛҒАШ РЕТ ХАЛЫҚТЫҢ ТІКЕЛЕЙ ТАҢДАУЫМЕН САЙЛАНАДЫ. МҰНДАЙ ТАЛАП-МІНДЕТ – ӨРКЕНИЕТКЕ, ДЕМОКРАТИЯЛЫ ҚОҒАМҒА ҚОЛ СОЗҒАН РЕФОРМАЛАРДЫҢ ЖЕМІСІ. КЕЛІСЕСІЗ БЕ?

– Иә, облыстық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерінің сайлауына дайындық жұмыстары мен осы саяси науқанның ерекшеліктері мен маңызы айрықша зор. Бұл – Президенттің саяси реформаларының жемісі. Мұндай өзгерістің мемлекет үшін тиімділігі мол.

– БҮГІНДЕ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОСЫНДАЙ САЯСИ РЕФОРМАЛАРДЫҢ НӘТИЖЕСІНДЕ САЙЛАУ ЖҮЙЕСІ ҚАНШАЛЫҚТЫ ӨЗГЕРДІ?

– Өткенге зер салсақ, 2004 жылдан бастап Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар тек партия өкілдерінен құралған еді. Қазіргі жүйе бойынша Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталды. Мұндай қадам жергілікті жерде бәсекеге қабілетті саяси орта қалыптастыруға жол ашады. Халықтың ортасынан оза шауып, тұрғындардың мұң-мұқтажын көтеріп жүрген азаматтардың саясат сахнасына шығуына мүмкіндік береді. Тағы бір ерекшелігі – сайлауалды уәдесін орындамаған депутаттарды кері шақырып, оның орнына басқа азаматты сайлау үшін қайтадан сайлау өткізіледі. Бұрынғыдай өздері ғана ішкі тәртіппен шешіп, депутаттық мандатын келесі азаматқа жалғай салуға жол жоқ. Мұндай тәртіп сайлау алдында үйіп-төгіп уәде беріп, мандатқа қол жеткізген соң халықтың мұң-мұқтажын ұмытып кететіндердің қатарын азайтады. Бұл талап үдесі аудан әкімдеріне де жүктеледі. Халық арасынан сайланған әкім ел-жұрттың жауапкершілігі мен сенімін арқалай жүріп, ауыл-аймақтың шын жанашыры ретінде қызмет етуі қажет.

ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАЛАЙ ЖҮРДІ?

– Бүгінде республикада саяси додаға қызу дайындық жүріп жатыр. Барлығы 10200-ден астам учаскелік сайлау комиссиясы жұмысын бастады. 350-ге жуық шетелдік байқаушы қызмет етеді. Олар 40-45 күн бойы сайлау процесін қатаң бақылайды. Бүгінде олармен жұмыс барысында біраз пікірлер талқыланып жатыр.

– АЛ, ЗАҢСЫЗДЫҚТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛУДЕ?

– Сайлауды жариялау, дайындау мен өткізу, ұйымдастыру және қорытындылау бойынша айрықша құзырет аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларына тиесілі. Орталық сайлау комиссиясының науқан шеңберіндегі құзыреті – әдістемелік және нормативтік тұрғыда қамтамасыз ету. Мұндай өкілеттіктерді бөлу «Сайлау туралы» Конституциялық заңда көзделген және 2021 жылдан бастап ауылдар, кенттер және ауылдық окургтер әкімдерін сайлау жөнінде өткізілетін науқандар барысында жүзеге асып келеді.

Айтпақшы, жуырда Абай облысының бір ауылында ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Ауыл әкімін сайлауға 4 үміткер ұсынылып, біреуі белгілі себептерге байланысты өзінің кандидатурасын қайтып алды. Үш үміткердің ішінде біреуі дауыс санымен жеңіп, аз дауыс алған екеуі қарсылық білдіріп, аумақтық сайлау комиссиясына шағым түсірген. Тексеру нәтижесінде бұл науқанның әділ өтпегені анықталады. Сайлау учаскесіне мүлдем тіркелмеген азаматтар келіп дауыс берген. Олар сол ауылдағы өндіріс орнының вахталық әдіспен қызмет ететін жұмысшылары болса керек.

Бұл әлгі үміткерді (осы кәсіпорынның қызметкері) «қалайда ауыл әкімі етіп сайлау қажет» деген арам пиғылды ойды жүзеге асырудан туған әдіс болса керек. Қазір мұндай олқылыққа жол берген жауаптылар жауапқа тартылуда. Ал, жүйесіз ұйымдастырылған сайлауды қайтадан өткізу қолға алынып жатыр. Өкінішке қарай, осындай жағдайлардың қатаң түрде алдын алу маңызды. Бүгінде республика бойынша белгіленген мерзімге сәйкес сайлау комиссиялары мүшелерінің 75 пайызының өкілеттіктері тоқтатылады. Бұл тізімді жергілікті мәслихаттың депутаттары қайтадан жаңартып, ауыстыруы қажет.

ДАУЫС БЕРУ ӘДІСІ ҚАНШАЛЫҚТЫ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН?

– Алдағы сайлау әдеттегідей қағаз бюллетень арқылы таңдаған кандидатты белгілеу арқылы жүргізіледі. Бұдан бірнеше жыл бұрынғы сайлауларда әр азамат қағазда таңдауын жасап, бюллетенді арнайы электронды аппаратқа салу әдісі қолданылды. Арнайы құрылғы түскен бюллетендерді автоматты түрде санап беретін. 2004 жылы бұл тәсіл сайлау учаскелерінің 10 пайызына енгізіліп, оның ішінде 7,8 пайызы ғана осы әдісті қолданды. Келесі сайлауда учаскелердің 15 пайызына осы құрылғы қойылғанымен, оны сайлаушылардың 5,2 пайызы ғана пайдаланған. Келесі сайлауларда бұл көрсеткіш тіптен төмендеп, 2,2 пайыз болды. Демек, бұл тәсіл сайлаушылардың арасында сұраныс туғызбады. Бірақ осының өзіне 25 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Бүгінде осы технологияны қолданысқа қайта енгізудің әдіс-тәсілдері зерттеліп, сараптама жасалып жатыр. Ал, қағазбастылыққа жол бермей, түбегейлі электронды дауыс беру тәртібі туралы айтсақ, бұл бұған дейінгі жиындарда қозғалған мәселе.

Талдықорған қаласында өткен кездесулердің бірінде жергілікті ақсақалдар осы тәртіпті қолданысқа енгізу қажеттігін алға қойғаны сол-ақ еді, залда отырған жас студенттің бірі орнынан тұрып өзін таныстырып, атыраулық екенін айтты. Ол залда айтылған ұсынысқа келіспей, «электронды түрде дауыс беру – әділ сайлау өтті деген сөз емес. Өйткені, әлі де болса шалғай ауылдарда интернеттің жоқ екенін ескеру керек» дегенде, біздің сөзіміз сол жерде-ақ сап тыйылды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT