Кәсіпкер әйел – қоғамның өркендеуіне үлес қосады

(0 Votes)

Әйелдер кәсіпкерлігіне көрсетіліп жатқан қолдау шаралары – қоғамның әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығына ықпал ететін маңызды қадам. Біз отбасымызбен кәсіпкерлікпен айналысамыз. Шаруа қожалығымыз бар және бірнеше сауда кешенін басқарамыз. Бүгінде шаруашылықта бірнеше адам жұмыспен қамтылған, олардың арасында әйелдер де аз емес. Сондай-ақ қазір жер қойнауын пайдаланумен айналысып, құмды-қиыршық тас қоспасын (ПГС) өндіреміз.

Мемлекет тарапынан ұсынылатын білім беру бағдарламалары мен қолдау шаралары кәсіпкерлік үшін үлкен көмек. Қазіргі таңда мемлекет пен түрлі ұйымдар әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған жеңілдетілген несиелер, гранттар, оқыту бағдарламалары мен бизнес-жоспар әзірлеуге көмектесетін кеңес беру қызметтерін ұсынып жатыр. Осындай бағдарламалардың саны артып, оларды алу үдерісі жеңілдесе, бизнесте белсенді әйелдердің қатары көбейе түсетіні сөзсіз.

Әйелдер кәсіпкерлігі тек табыс көзі ғана емес, сонымен қатар отбасының берекесі мен қоғамның тұрақтылығына да әсер етеді. Кәсіпкер әйелдер бизнесін дамытса, бұл экономикаға да оң ықпалын тигізеді. Сондықтан әйелдер кәсіпкерлігін қолдайтын бағдарламалар әрі қарай жалғасып, кеңейе түсуі керек.

Біздің шаруа қожалығымыз бен сауда кешендеріміз арқылы бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырғанымыз – кәсіпкерліктің ел дамуына қосып отырған үлесінің айқын көрінісі. Әйелдердің бизнесте белсенді болуы – олардың экономикалық дербестігін нығайтып қана қоймай, жалпы қоғамның өркендеуіне де үлес қосады.

Ақжібек САБЫРҒАЛИЕВА,

Индер аудандық мәслихатының депутаты, «Дулат» ЖШС директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT