Құрманғазыда жаңа медициналық қос мекеме ашылды

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Құрманғазы ауданына қарасты Кудряшов ауылында фельдшерлік-акушерлік бөлім , Жасталап ауылында медициналық пункт ашылды,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

 Жаңа ғимараттардың ашылуына ауданға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев арнайы келді.

Кудряшов ауылдық округі аудан орталығынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда 2000-ға жуық тұрғын өмір сүреді, олардың төрттен бірі – балалар. Жаңа медициналық нысан халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік бермек. ФАП-та 1 дәрігер және орта буындағы 5 медицина қызметкері жұмыс жасайды. Сонымен қатар Жасталап ауылында 321 тұрғын бар, оның 102-сі – балалар. Ауыл аудан орталығынан 44 шақырым қашықтықта орналасқан.

Медициналық пункт дәрігерге дейінгі сапалы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге арналған. Мұнда тұрғындар ем-шаралар мен қабылдау бөлмесінде қажетті медициналық қызмет ала алады.

- Жаңа ФАП заманауи талаптарға сай медициналық кабинеттермен жабдықталған. Мұнда ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге арналған физиотерапия, екпе, акушерлік кабинет, қақырық талдау бөлмесі, процедуралық кабинет, дәріханасы бар фельдшер кабинеті, тіркеу бөлімі, информатизация кабинеттерімен толықтай жабдықталған. Ғимарат ауыз су құбыры мен кәріз жүйесіне қосылған,-дейді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының орынбасары Жақсылық Жанұзақұлы.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Атырау облысында 18 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 13-і пайдалануға берілді. Қалған 5 медициналық нысан халық игілігіне 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында ұсынылмақ. Олар: Құрманғазы ауданына қарасты Жамбыл, Қызылоба және Көптоғай ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік пункт,

Қызылқоға ауданына қарасты Жантерек пен Жамансор ауылдарындағы медициналық пункт.

Өңірде шалғай ауылдарды медицина мамандарымен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта облыс бюджеті есебінен ауылдық жерлерге келген әр медицина қызметкеріне 10миллион теңгеге дейін бір реттік көтерме төлем беріле бастады. Бұл шара білікті мамандарды тартуға және ауылдық жерлерде сапалы медициналық қызметті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жаңа ФАП-тың ашылуы – ауыл тұрғындарына сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсетуге бағытталған маңызды қадам.

Қос нысан облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысы негізінде салынды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT