АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин Мәжіліс отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында ҚҚС мөлшерлемесі 16 пайыз болса, пәтер бағасы қалай өзгеретінін айтты.
— Инфрақұрылым алымы туралы мәселе әлі талқыланып жатыр. Нақты шешім жоқ. Бірақ менің көзқарасым бойынша, ҚҚС салу дұрыс. Неге олай екенін түсіндірейін. Қараңыз, 2023 жылы жалпы ішкі өнім көлемі 135 трлн теңге болды. Оның ішінде көлеңкелі экономика деңгейі 17,5 пайыз деп айтылды. Сонда көлеңкелі экономиканың көлемі ақшаға шаққанда 20 трлн теңге деген сөз. Енді осының құрылымын қарасақ, ең үлкен көлемдер бірінші кезекте көтерме және бөлшек саудада кездеседі. Екінші орында ауыл шаруашылығы, үшінші құрылыс, төртінші денсаулық сақтау және бесінші білім беру саласы, — деді вице-министр.
Сондай-ақ, ол құрылыс саласы неге назарға ілініп отырғанына жеке тоқталды.
— Қазір тұрғын үй салушылар пәтерді сатқанда ҚҚС төлемейді. Ол құрылыс материалдарын өзгелерден сатып алады. Соның бәрі ҚҚС-тан босатылған. Сәйкесінше сатылған пәтерге де ҚҚС салынбайды. Оның бәрі көлеңкеде деген сөз. Енді тұрғын үй салушы материал сатып алған тізбегін қосылған құн салығына енгізбесе, айналымына байланысты 16% ҚҚС төлеуі керек болады. Есептер жасалды. Инфляция 3 пайыз төңірегінде өседі деп айттық. Баға сөзсіз өседі. Яғни, пәтер бағасы да осы инфляция деңгейінде өсуі мүмкін. Қазір ҚҚС жоқ болса да пәтер бағасы өтіп жатыр. Олар бағасы көтеріліп еді, баға өсіп шыға келді, — деді Азамат Әмрин.
Аталған кездесулерде ҚҚС 16% болса, әлеуметтік салық пен зейнетақы жарналарын төлеу өзгеріссіз қалатыны айтылған болатын.