Халықаралық валюта қоры: Орта Азия елдері экономиканы Украинадағы геосаяси ахуалдың салқынынан сақтап қалды

(0 Votes)

Қазақстанда энергетика және тау-кен өндіру салаларына салынған инвестициялардың арқасында жалпы ішкі өнімнің өсіміне қол жетіп отыр.

 Халықаралық валюта қоры Таяу Шығыс және Орталық Азия департаментінің директоры Жиһад Азурдың айтуынша, көрші мемлекеттердегі геосаяси ахуалға қарамастан, Қазақстан экономикасынан тұрақтылық байқалды. Бұл туралы ол Таяу Шығыс пен Орталық Азия экономикаларының перспективаларына арналған брифингте атап айтты. Департамент директоры мәлім еткендей, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 3,5%- ға өседі. Ал, 2024 жылы энергетика және пайдалы қазбаларды өндіру секторларына инвестициялар есебінен 4,6% — ға дейін артады деп күтілуде. “Соңғы төрт жылда Орталық Азия елдері өз экономикасын Украинадағы соғыстың жағымсыз әсерінен қорғай алды. Сондай-ақ, басқа да тәуекелдерді жеңе алды», – деді аймақтық департамент директоры.

Спикер өсім энергетика және тау-кен салаларына салынған жаңа инвестициялармен байланысты екенін атап өтті. Демек, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау үшін инвестициялар деңгейін ұстап тұру қажет. Азурдың пікірінше, құрылымдық реформаларды жеделдету керек. Олар ел ішінде экономика деңгейін сақтауға мүмкіндік береді. Жалпы, Халықаралық валюта ұйымы Қазақстан экономикасы үдемелі дамуы үшін тұрақтылық пен құрылымдық реформаларды қолдауға әзір. Департамент директорының пікірінше, дәстүрлі және дамушы секторларға,соның ішінде энергетика мен технологияға тұрақтыинвестициялар қажет. Қор Орталық Азияның экономикалық негіздерін нығайту үшін тұрақты инвестицияларды, әсіресе, жасанды интеллект климаттық технологиялар сияқты салаларға тартуға арналған реформаларды қолдайды.

*Сіз не дейсіз?

Райхан МҰҒАУИНА,

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, экономика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD:

Стратегиялық шараларды жалғастыру қажет

Жалпы, Халықаралық Валюта Қоры– әлемдік экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық ұйым. Бүгінде оның құрамына 190-нан астам мемлекет кіреді. Ұйымның басты мақсаты – жаһандық қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, төлем балансының теңдігін қолдау, экономикалық өсу мен халықаралық сауда-саттықты дамыту. Оның қызметі елдердің өзара экономикалық ынтымақтастығын арттыруға, жаһандық экономиканың дамуына, дағдарыстардан шығуға бағытталған. Сол себепті, қор қызметі әлемдік экономиканың қауіпсіздігі мен тұрақтылығында айтарлықтай маңызға ие. Жақында ақпарат көздерінен аталған қордың департамент директоры Жиһад Азур атап айтқан экономикалық көрсеткіштермен танысып шықтым. Меніңше, бұл деректер арқылы біраз нәрсені аңғаруға болады.

Біріншіден, Орта Азия елдері жаңа сауда нарықтарын іздестіруде белсенді әрекет етті. Ресейге салынған санкциялар экономикаға ықпал еткенімен, бұл елдер әртараптандыру арқылы жаңа сауда байланыстарын орнатты. Мысалы, Қазақстан, Өзбекстан сияқты мемлекеттер Еуропа, Түркия, Қытай сияқты елдермен қарым-қатынастарды күшейтіп, экспорттық-импорттық жолдарды кеңейтті. Екіншіден, энергетикалық ресурстардың жоғары бағасы экономикаға оң әсер етті. Мұнай мен газ өндіруші елдер, әсіресе Қазақстан мен Түрікменстан, экспорттық кірістерін ұлғайтып, бюджеттік шығындарды жабуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, еңбек мигранттарының ақша аударымдары да экономикаға маңызды қолдау көрсетті. Орта Азия елдері алдағы уақытта да сыртқы нарықтағы өзгерістерге икемді түрде әрекет етуді жалғастыруы қажет. Ең бастысы, ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ішкі реформаларды жалғастыру, инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту сияқты стратегиялық шаралар маңызды рөл атқарады.

Дайындаған Айбөпе САБЫРОВА

Сурет: atr.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT