«Ауыл Аманаты» атты “AMANAT” партиялық оқыту жобасына Мақат кентінің әкімі Ербол Ермағамбетов, Доссор кентінің әкімі Болат Ермеков, Бәйгетөбе ауылдық округінің әкімі Қонысалы Төлеуов және “AMANAT” партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әсел Қаржауова қатысты.
Жыл соңына дейін партияның Саяси менеджмент академиясы 2500-ден астам ауыл әкімдері мен партияның аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларын оқытуды жоспарлап отыр. Мұнайлы өлке бойынша 69 ауылдық округ әкімі мен 8 атқарушы хатшы екі лек бойынша оқытылмақ. Оқытудың алғашқы кезеңіне Мақат, Махамбет, Индер, Исатай және Қызылқоға аудандарынан 31 адам қатысты.
«Бұл оқу курсы ауыл экономикасын дамытуға ықпал етеді. Жоба “2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жұмыс орындарын құруға көмектеседі. Ауылдық жердегі шағын бизнестің қандай түрлерін жақсы дамытуға болады, сол бизнес-жоспарды ауыл әкімінің көмегімен кез келген тұрғын қалай құра алады? Осы бағытта білімімізді жетілдірдік. Ауылдың әкімі жұмыспен қамту орталығына немесе «Атамекенге» бармай-ақ, осы арада жақсылап оқып үйреніп алса, жұмыс жасауға ынтасы бар тұрғындарнәтиже шығарады», – дейді Бәйгетөбе ауылдық округінің әкімі Қонысалы Төлеуов.
Мөлдір Ізтұрғанова